90-жылдардағы “мажорлардың” уақыты өтті – Бақытжан Базарбек
Бұл туралы бүгін Мәжіліс отырысында айтылды.
Алматының Әл-Фараби даңғылы элиталық спорткар иелері үшін ешқандай ереже сақталмайтын «қауіпті аймаққа» айналды. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек осылай деп мәлімдеп, Ішкі істер министрлігінің қатарын заң бұзушыларды «төбесіне көтеретін» қызметкерлерден тазартуды талап етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Өзі де осы даңғылдың бойында тұратын парламентарий «алтын жастардың» түнгі жарыстары күнделікті үйреншікті жағдайға айналғанын, ал полицияның бұған көз жұма қарайтынын ашып айтты. Депутаттың пікірінше, мәселе заңның жоқтығында емес, оның тек таңдамалы түрде қолданылуында болып отыр.
Мәжілісменнің сенімінше, жүйеде заң бұзушыларды қорғаштайтындар жұмыс істеп тұрғанда, ешқандай камера немесе патруль жағдайды түзей алмайды. Ол ІІМ-де туыстық пен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жою үшін қатаң ревизия жүргізуге шақырды.
Бұл мәлімдеме Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатынан кейін жасалып отыр. Бұған дейін ІІМ аталған оқиғадан соң Алматы полициясының бірнеше жоғары лауазымды басшысын қызметінен босатқан болатын.