Әлем

Колумбияда әскери ұшақ құлап 66 адам қаза тапты

Қайғылы оқиға салдарынан көптеген адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Колумбияның оңтүстігінде болған әскери ұшақ апатының құрбандары көбейіп, қаза тапқандар саны 66 адамға жетті. Тағы 57 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Қайғылы оқиға Путумайо департаментінде тіркелген. Алғашында 34 адамның көз жұмғаны хабарланған еді, алайда кейін құтқару жұмыстары барысында бұл көрсеткіш артты. Мәліметтерге сәйкес, ұшақ бортында барлығы 128 адам болған. Олардың біреуі жарақат алмаған, ал төрт адамның денесі әлі табылмаған.

Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы генерал Карлос Сильва Руэда оқиға орнына қосымша құтқарушылар мен медициналық тікұшақтар жіберілгенін айтты. Сонымен қатар, апаттың нақты себептерін анықтау үшін арнайы тергеу тобы жұмысқа кіріскен.

Алдын ала деректер бойынша, Hercules C-130 әскери-транспорттық ұшағы Пуэрто-Легисамо қаласынан көтерілгеннен кейін көп ұзамай құлаған. Жергілікті телеарналар таратқан бейнежазбаларда әуе кемесінің толық биіктікке көтеріле алмай, төмен қарай құлдилағаны көрінеді.

Еске салайық, бұған дейін Колумбияда әскери қызметкерлер мінген ұшақ апатқа ұшырағаны туралы ақпарат тараған болатын.