Әлеумет

Жоғалған отбасы: күдіктіге тағы да айыптар тағылды

Тергеу жалғасып жатыр.

Атырау облысы Жангелдин ауылында төрт адамның қазасына байланысты қозғалған резонансты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Негізгі күдікті – 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевке тағылған айыптар тізімі кеңейтілді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап.

Тергеу деректеріне сәйкес, ол тек адам өлтіру ісіне ғана емес, жәбірленушілердің малын сатып, мүлкін иемдену әрекеттеріне де қатысы бар деген күдікке ілінген. Осыған байланысты күдіктіге қосымша "ұрлық" және "алаяқтық" баптары бойынша айып тағылды.

Іс аясында оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева да тексеріліп жатыр. Соттың санкциясымен ол стационарлық сот-психологиялық және психиатриялық сараптамадан өту үшін арнайы медициналық мекемеге орналастырылған. Қажет болған жағдайда оны Алматыдағы Сот сараптамалары институтына жіберу мүмкіндігі де қарастырылуда.

Қазіргі уақытта Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттеріне нақты құқықтық баға берілмеген және оған қатысты бұлтартпау шарасы әлі таңдалмаған. Прокуратураның мәліметінше, түпкілікті шешім сараптама нәтижелері шыққаннан кейін қабылданады.

Тергеудің аяқталу мерзімі жүргізіліп жатқан іс-шаралардың ауқымы мен сараптамалардың қорытындысына байланысты болады. Қадағалаушы орган тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.