Алматыда ірі қаржы схемасы әшкереленді: 2 млрд теңгеден астам залал келтірілген
- авторОймақ
- Бүгін, 09:13
- 15
Тергеу мәліметінше, күдіктілерге лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және пара алу фактілері бойынша айып тағылған.
Аталған орталық жеке тұлғалардың табыстары туралы деректердің бірыңғай мемлекеттік операторы болып табылады. Бұл ақпарат қаржы ұйымдары мен кредиттік бюролар үшін қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалауда негізгі әрі баламасы жоқ дереккөз саналады.
Тергеу барысында 2020 жылы орталықтың бұрынғы президенті Д. Аргандыков пен «Бірінші кредиттік бюроның» бас директоры Р. Омаров арасында заңсыз келісім жасалғаны анықталды. Соның нәтижесінде жеке кредиттік бюроға қосымша табыс табуға мүмкіндік берілген.
Мәселен, бұрын қызметтен түсетін табыстың 30%-ын алып келген «Бірінші кредиттік бюро» бұл көрсеткішті 35%-ға дейін арттырған. Ал орталықтың үлесі керісінше 70%-дан 65%-ға дейін төмендеген.
2025 жылдың басында орталық басшылығына А. Сарбасов тағайындалғаннан кейін де бұл тең емес шарттар өзгеріссіз сақталған.
Сонымен қатар, тергеу барысында деректерді өңдеу жүйесіне қатысты заңсыз артықшылықтар берілгені белгілі болды. Атап айтқанда, «Бірінші кредиттік бюро» үшін сұраныстарды жедел өңдейтін арнайы сервис орнатылса, ал «Мемлекеттік кредиттік бюро» жүйесіне керісінше, өңдеуді баяулататын зиянды бағдарламалар енгізілген.
Осының салдарынан мемлекетке, нақты айтқанда «Еңбек ресурстарын дамыту орталығына» 2 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.
Бұдан бөлек, 2025 жылдың маусым айында Аргандыков пен Омаровтың Сарбасовқа 75 мың АҚШ доллары көлемінде пара бергені анықталды. Бұл қаражат заңсыз табыс схемасын сақтап қалу үшін ұсынылған.
Қазіргі таңда аталған тұлғалар ұсталып, сот санкциясымен олардың 1 млрд теңгеден асатын мүлкі мен бағалы қағаздарына тыйым салынды.
Қылмыстық іс материалдары тараптарға танысу үшін жолданған. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





