Абай облысындағы шахтада 2 жұмысшы уланып, біреуі көз жұмды
19 наурыз күні сағат 10:40 шамасында Орлов шахтасының диспетчеріне екі жұмысшының зиянды газдардан улану белгілерімен табылғаны туралы ақпарат түскен.
Абай облысындағы Орлов шахтасында екі жұмысшы уланып, біреуі ауруханада бара жатқан жолда қаза болды.
— Зардап шеккендердің бірі ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Медициналық көмек көрсетілген екінші жұмысшының қазіргі жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр, — деп хабарлады KAZ Minerals тобының баспасөз қызметінен.
Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
— Кәсіпорынның басқарма төрағасы Андрей Третьяков жазатайым оқиғаны тергеуге жеке қатысу үшін Орлов кенішіне жолға шықты. KAZ Minerals тобының басшылығы мен ұжымы қаза болған қызметкердің туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. Компания марқұмның отбасына жан-жақты көмек көрсетеді, — делінген ақпаратта.