Шынайы оқиғаны көрерменге жеткізу үшін актерге шынайылық керек
Қазақстан, Қырғызстан кинотеатрларында көрсетіліп, көрерменнің үздік бағасына ие болған «Приговор» киносы Ресейге де жол тартты. Актерлердің шеберлігі көрерменді тәнті еткені рас. Осы орайда киноның басты кейіпкерлері Ақтан рөлін сомдаған Рауан Ахмедов пен Куба кейіпкерін алып шыққан Дамир Амангельдинмен сұқбаттастық. Әңгіме барысында актерлер түсірілім кезіндегі қызықтары мен қиындығы туралы айтып берді.
– Өткеннің шындығын баяндау қиын ғой. Оны көрерменге жеткізу үшін сіздер физикалық, психологиялық жағынан қандай дайындықтардан өттіңіздер?
Рауан: Мен «Приговор» фильмінің алдында «Алпыс келі» деген сериалға түстім. Сол сериалға ерекше дайындықпен бардым, сомдайтын кейіпкерге байланысты 10 келідей салмақтан арылу керек болды. Ал сериалдың түсірілім жұмыстары аяқталған соң, жүдеп, шаршаңқы түрге еніп кеттім. Арада көп уақыт өтпей-ақ «Приговор» киносына түсуге тура келді. Сонда режиссер Диас Бертіс менің сомдайтын кейіпкерім үшін тағы 7-8 келідей салмақ қосуымды айтты. Бірқатар киноға түсу кезінде болатын салмақ машақаты мен үшін қалыпты жағдайға айналған. Сондықтан, мұндай физикалық өзгерістердің мен үшін еш қиындығы жоқ.
Дамир: Маған осы жобаның ұнағаны – 6 ай дайындықтың берілуі. Осы уақыт ішінде түгел дайындықтан өттім. Артық салмақ жинадым. Шынымды айтсам, физикалық жағынан дайындық мен үшін қиындау болды. Себебі, салмақ қосу оңай нәрсе емес. Спортта жүрген достарыммен ақылдасып, съемкаға дейін жоспарды орындауға тырыстым. Ал психологиялық жағынан да біраз дайындалдым. Кино сценарийіне ұқсас француз киноларын қарап, сондай жанрдағы кітаптар оқыдым. Өйткені Кубаның образына толық ену мен үшін маңызды болды. Дегенмен, салют атқан салмақсыз жігіттің рөлін сомдап шығу аса қиынға соқпады. Себебі, Куба өмірі мен менің өмірімде кішкене ұқсастықтар бар екені байқалды. Ал киноның шынайы болуы үшін Мәскеудегі досыммен Кубаның әрекеттерін, қылықтарын қайталап жаттадым. Кейіпкердің рөлін алып шығу үшін оның әрекеттерін өмірде қайталау – актердің басты құралы деп айтар едім.
– Режиссер бұл киноны «Черный двордың» жалғасы деген пікір айтты. Дегенмен, әр киноның өз қиындығы бар. «Приговор» киносындағы ең ауыр сахнаны айтыңызшы? Неге?
Рауан: Ия, «Черный двор» сериалының жалғасы, соның бір бөлігі десек болады. Өйткені, оны түсірген бір команда. Тек оқиға желісі мен түсірілім алаңында айырмашылық болды. «Приговор» киносындағы мен үшін ең ауыр сахна – сот залындағы басталған әрекеттер аяғына дейін жалғасты. Неге бұл ауыр сахна десеңіз, мен эмоциялық күйзелісте отырған баланың рөлін алып шығуым керек болды. Одан кейін осындай эмоциялық тұрғыдан бір күйден екінші күйге ауысу оңай болмады. Киноның соңына қарай кейіпкердің психологиялық ахуалы өрби бастайды. Міне, осы тұсы басқа сахналарға қарағанда сәл ауырлау болды.
Дамир: «Приговор» киносындағы ең ауыр сахнаны екіге бөліп көрсетейін. Біріншісі – физикалық әрекет, екіншісі – менталдық, актерлік жағы. Физикалық тұрғыдағы ауыр сахнаның бірі – Ақтан екеуіміздің Аланды алып қашқандағы төбелес. Бұл автожуу орталығында, судың қасында түсірілді. Осы сахнаны түсіру үшін Nomad Stunts халықаралық каскадерлер тобымен дайындалдық. Соның арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Одан бөлек, тағы төбелес кадры бар ғой. Сол жерде жігіттер мені құлатып, бар күштерімен ұрған. Дайындық барысында режиссер Диас осы кадрда қаттырақ соққының болуын айтқан еді. Салдарынан қолымды шығарып ала жаздадым. Тіпті, басым айналып, кішігірім соққы алғаным болды. Бірақ өкінбеймін. Шынайылық болмаса, кино да жалған түрде көрінуші еді. Содан кейін Ыстықкөл жағасында да аяғым тайып, құлап қалғаным бар. Сөйтіп, келесі күні бұл кадрды қайтадан түсірдік. Осылайша, кейбір тұста физикалық жағынан қиындықтар туып тұрды. Киноны көрсеңіздер, осы сөздерім дәлелденеді деген үміттемін. Енді актерлік жағынан қиын сахнаға оралайын. Ақтан екеуіміздің Аланды қашқандағы сахна менікі десем де болады. Өйткені, актерге жүктелген тапсырманың барлығы дерлік Кубаға байланысты болды. Кубаның Ақтанға «Ініңді өлтіргені үшін кек алуың керек» деген сөзінен кейін бірден басқа күйге ауысады. Бір кадрдың ішінде агрессиядан мелодрамаға көшу оңай болған жоқ. «Приговор» киносын өзім үшін осыған дейінгі маңызды әрі қызықты рөлім сомдалған кино деп санаймын.
– Ал ұзаққа созылған сахна ше?
Дамир: Кино басындағы Куба бейнесі көрсетілген кадр қайта-қайта түсірілді. Көліктің айнасына қарап сөйлеген кездегі сахнаны ұзақ түсірдік. Өйткені осы жерден-ақ Кубаның мінезді екені байқалады. «Приговор» киносының алдында «MEOW» сериалына түскен едім. Ол сериалда сомдаған кейіпкерім өте әлжуаз еді. Ал Куба – тым агрессивті кейіпкер. «MEOW» сериалынан кейін мен үшін Кубаның образына көшу қиын болды. Сондықтан осы сахна мен үшін ауырлау және ұзақ түсірілді. Жай сахна болса да, көрерменге кеіпкердің толқы сипатын көрсете алатын кадр. Бұл кадрда Кубаның қандай жігіт екенін бірден көрсету – мен үшін маңызды.
– Шынайы оқиғаны көрерменге жеткізу үшін актерларға не керек деп айтар едіңіз? Осы айтқаныңыз өз бойыңыздан табылды ма?
Рауан: «Черный двор» да, «Приговор» да шынайы оқиғаға негізделгенімен, кинода нақты сол оқиға желісімен түсірілмейді. Көрерменге жеткенше көркемдік ойлар, өзгерістер қосылады. Сондықтан, бұл жұмыстарда ішімізден шыққан бояулар, лептер бар. Шын өмірдегі адамдарды нақты сол күйінде көшіріп алғанымыз жоқ. Фильм түсіру алдында оқиғамене таныстық, ұқсас фильм қарадық, кітаптар оқыдық, содан пайда болған түрлі идеялар бір арнада тоғысады
Дамир: Менің ойымша, шынайы оқиғаны көрерменге жеткізіп, ерекше әсер қалдыру үшін актерге шынайылық керек. Мысалы, өзім кино не сериалдан актердің бойынан бір фальш байқасам соңына дейін көрмеймін. Көрерменнің де көзқарасы солай деген ойдамын. Егер актердің әрекеті шыншыл болса, кинодағы шынайы оқиға да сол қалпында көрерменімен қауышар еді. Әр актер сценариймен танысқан кезде өзін кейіпкерінің орнына қойып, қағаз бетінде жазылғанның бәрін бойына сіңіруге тырысуы керек. сонда жұмыстан нәтиже шығаруға болады. Маған осы әдіс жақсы көмектеседі. Мысалы, өзім актер ретінде емес, Дамир болып Кубаның орнында болсам не істеуші едім деегн сұрақты қойып, соған жауап бере білуім керек. Содан кейін ғана кейіпкерге көшкен дұрыс.
– Ақтан мен Рауанның ұқсастықтары бар ма?
Рауан: Өзіне берілген кейіпкердің образына еніп, көрерменге сол қалпында жетуі үшін актерлар өзінің ойнайтын образын түсінуі керек, әр қимылын сараптай алуы маңызды. Мысалы, Ақтанның мінезі менікімен кішкене ұқсас келді. Сондықтан, өзімді сол кейіпкердің рөліне енгізу аса ауыр болған жоқ.
– Куба мен Дамирдің ұқсастықтары қандай?
Дамир: Куба мен Дамирдің айтарлықтай ұқсастықтары бар. Атап айтсам, мен де Куба сияқты досқа адалмын және ойламай сөйлейтінім бар. «Айтылған сөз атылған оқпен тең» деген бар ғой. Бұл – менің кемшін тұстарымның бірі. Сонымен қатар, көп армандамайтын жігітпін. Болып жатқан сәтпен өмір сүргенді жақсы көремін. Куба да дәл сындай кейіпкер.
– Кубаның рөлі өз деңгейінде сомдалып шықты ма?
Дамир: Актерлік шеберлігім жағынан «Черный двор» сериалында өзім ойнаған рөлде ұнамаған сахналар кездескен. Ондай сахналарды өзім соңына дейін қарай алмаймын. Бірақ «Приговор» киносында ондай сахна мүлде болған жоқ. Кубаның образы өте жақсы сомдалды деп ойлаймын. Кубаның образы өзіме қатты ұнады, ол өте харизматикасы керемет кейіпкер. Көрермен де Кубаның мінезін, досқа адалдығын ұнатты деп ойлаймын. Куба – Ақтанның өте жақын жолдасы. Өз інісі болмаса да кездескен қиындықтарға қарамай Ақтанға арқасын тосып, інісі үшін кек алуға дайын тұрды. Адамның бәрінде Куба сияқты досы болса екен деген ниетім бар.
–Кинодағы Ақтан мен Кубаның достығы өмірде қалай?
Рауан: Дамирмен өмірдегі қарым-қатынасымыз өте керемет. Жақын достармыз. Үнемі бір-бірімізге ақыл-кеңесімізді, қол ұшымызды беріп отырамыз. «Приговор» – Дамирмен бірге істеген екінші жоба. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарамыз демекші, онымен бірге жұмыс істеген ұнайды.
Дамир: Рауан екеуіміз жақын доспыз. Өткен жылдың тамыз айында «Приговор» киносына түсу алдында бір үйде тұрғанымыз бар. Бірақ сол кезде екеуіміз екі түрлі жобада жүрген едік. «Черный двор» сериалына түсіп жүрген кезде тез тіл табысып кеттік. Алдағы уақытта біздің дуэтіміз тағы қайталанады деген сенімдемін.