32 ел бірігіп, бұрын-соңды болмаған ең ірі шешім қабылдады
Халықаралық энергетика агенттігі мұнай бағасын тұрақтандыру мақсатында жүйелі жұмысын жалғастырмақ.
Ұйымға мүше елдер стратегиялық қорлардан 400 млн баррель мұнайды босату туралы бірауыздан шешім қабылдап отыр.
Айта кетейік, бұл ұйым тарихындағы ең ірі қадам саналады.
Қорды босату кестесі әзірге белгіленбеген. Агенттік мәлімдемесінен соң мұнай бағасы бірнеше долларға төмендеп, бір баррелі шамамен 84 долларға түскен.
Халықаралық энергетика агенттігінің құрамына 32 мемлекет кіреді. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия, Канада, Аустралия, Италия және Мексика секілді елдер бар.
Агенттік мәліметінше, ұйымға мүше елдердің стратегиялық мұнай қорының жалпы көлемі 1,2 млрд баррельден асып-жығылады.
Бұған дейін отандық БАҚ-тарда Қазақстанда мұнай және газ конденсатын өндіру 96-98 млн тоннаға дейін төмендеуі мүмкін екені жазылған еді.