Алматыда суррогат ана қызметі үшін ақысын ала алмай жүр
Тапсырыс беруші сәбиден бас тартқан.
Алматыда суррогат ана өз қызметі үшін ақы талап етіп отыр. Тапсырыс беруші сәбиден бас тартқан. Кристина Гаврилюк жаңа туған нәрестені бірден Сәбилер үйіне тапсырды, енді ол уәде етілген 7 жарым миллион теңге гонорарын алу үшін тапсырыс берушілерді іздеп жүр, деп хабарлайды Oimaqnews kz Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап.
Әйел полицияға жүгінді. Алайда жағдайды қиындатып тұрған жайт биологиялық ата-аналардың шетелдік болуы. Олар байланысқа шықпай жатыр, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Қаламақы – 7,5 миллион теңге
27 жастағы Кристина Гаврилюк бөтеннің баласын ақшаға көтеріп беруге келіскен. Кепілдік берілген гонорар 7 жарым миллион теңге. Суррогат анамен келісімшартты Қытайдан келген ерлі-зайыптылар жасасқан. Алматыда әйелге эмбрион салу процедурасы жасалды. Болашақ ата-аналар жүктілік кезінде ақшаны уақытылы беріп, тіпті ай сайын 200 мың теңге шамасында жалақы төлеп тұрған. Бірақ асқынуларға байланысты Кристина мерзімінен бұрын жетінші айда босанды. Клиенттер шала туған ұлды алудан бас тартқан.
Осыған дейін екі рет суррогат болған
Кристина Гаврилюк дүкенде сатушы болып істейді. Өзінің алты жасар қызын тәрбиелеп отыр. Әйел осыған дейін екі рет суррогат ана болған. Екі келісім де сәтті аяқталған. Ал үшінші рет гонорарын ала алмады. Кристина ашық айтады: іс жүзінде бөтен баланы тәрбиелеуге, тіпті ол үшін жауапкершілік арқалауға ниеті жоқ. Сондықтан босанғаннан кейін бірден нәрестеден бас тарту туралы арыз жазған.
Биологиялық ата-аналар туралы ақпарат дерлік жоқ. Ерлі-зайыптылар Қытай азаматтары. Олардың қазір қайда екені белгісіз. Процедура жүргізілген клиниканың өзі түсініктеме беруден үзілді-кесілді бас тартты. Суррогат ана полицияға арыз жазды.
Суррогат ана болуға ресми рұқсат бар
Қазақстанда суррогат ана болуға ресми түрде рұқсат етілген. Баланы дүниеге әкелетін ананың құқықтары мен міндеттері «Неке және отбасы туралы» заңмен реттеледі. Ол әйелге медициналық көмекке, денсаулығын қорғауға және сыйақы алуға кепілдік береді. Құқық қорғаушылар алданған әйелге сотқа баруға кеңес береді. Баланың биологиялық ата-анасы шетелдіктер екенін ескере отырып, суррогат анаға Қытай елшілігіне және Сыртқы істер министрлігіне жүгіну қажет.
Қазір жаңа туған нәресте Сәбилер үйінде. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.