Атырау облысында бірнеше ірі қара мал суға батып кеткен
Оқиға қорық аумағында болған.
Атырау облысында ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ішінде бірнеше ірі қара мал мұз ойылып, суға батып қырылған, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған кадрлардан мұз астына кеткен мал өлекселерін көруге болады. Тұрғындардың айтуынша, оқиға қорық аумағында болған.
Мамандардың пікірінше, ерекше қорғалатын табиғи аумақта мұндай жағдайдың болуы қауіпсіздік талаптарының жеткілікті деңгейде сақталмағанын көрсетуі мүмкін. Әдетте қауіпті жерлер қоршалып, арнайы ескерту белгілері орнатылуы тиіс. Алайда тараған видеодан мұндай сақтық шаралары байқалмайды.
Ауыл тұрғындары үшін мал – негізгі табыс көзі. Сондықтан бірнеше бас малдан айырылу кейбір отбасыларға айтарлықтай шығын әкелуі мүмкін. Осыған байланысты жергілікті тұрғындар келген залалды кім өтейтіні және жауапкершілікті қай мекеме өз мойнына алатыны жөнінде сұрақ көтеріп отыр.