Руханият

Әлемнің мәні - әйелде

8 наурыз – көктемнің шуақты мерекесі, нәзіктік пен мейірімнің символы.

8 наурыз – көктемнің шуақты мерекесі, нәзіктік пен мейірімнің символы. Бұл күн – әйел-аналардың, қыз-келіншектердің қоғамдағы орнын, еңбегін, парасатын қадірлейтін ерекше мейрам. Ананың жүрегіндегі мейірім, әйелдің даналығы мен төзімі – отбасының берекесі, қоғамның тірегі. 8 наурыз мерекесі әйелдердің өмірдегі, қоғамдағы және мемлекеттегі маңызды рөлін дәріптеп, оларға деген құрмет пен алғысты білдіретін күн. Бұл күн әр шаңыраққа қуаныш, жылулық пен ізгі тілектер алып келеді. Мереке күні қарсаңында аналар туралы, әйелдер туралы жыр жырлайық.


Әйелдер-ай!

Әйелдер-ай!

Әйелдер!

Қандайсың?!

Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.

Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,

Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.

Әйелдер-ай!

Әйәйлар-ай, қандайсың?!

Әйелдер-ай!

Әйәйлар-ай, қулар-ай,

Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!

Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,

Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.

Әйелдер-ай!

Әйәйлар-ай, қулар-ай! ...

Әйелдерді еркектерден көп дейді.

Ойбай, Ойбай!..

Бола берсін көп, мейлі!

Әйел деген әдемі ғой, әдемі,

Әдемілік бізге көптік етпейді...

Мұқағали Мақатаев

 

Әйел

Қай жерде, мейлі, қай елде,

Әлемнің мәні - әйелде.

Мықтымын десең ойыңды,

Әйелге барып дәлелде.

Әйелсіз айтпан әнді мен,

Әйелмен дәмді әңгімем.

Сүйкімді болсаң шынымен,

Әйелің сүйсін алдымен.

Әйелге мәлім көп сырың,

Сүрінсең - әйел деп сүрін.

Халыққа сыйлы болмайсың,

Әйелге болсаң жексұрын.

Әйелсіз қонды бақ қашан,

Әйел деп түстік отқа сан.

Әлемнің тілін таппайсың,

Әйелдің тілін таппасаң!

 

Болмасын әйел назалы,

Болмасын әйел жазалы.

Кеудесін қаққан талайдың,

Әйелден болған ажалы!

Әйелден ыстық от бар ма?

Әйел деп түстік көкпарға.

Қарғағың келсе біреуді,

Әйелің өлсін деп қарға. 

Әйелмен құның өлшенер,

Құдайдан кейін сол - шебер.

Бақытты сен де болмайсың,

Әйелің сорлы болса егер.

Сырыңды соған ашасың,

Шөліңді содан басасың.

Адамның күні - Әйелмен,

Әйелдер мәңгі жасасын!

Жүрсін Ерман

 

ДАРИҒА, СОЛ ҚЫЗ

Өңімде ме еді,

Түсімде ме еді,

Көріп ем ғой бір Армандай қызды…

Бір нәзік сәуле Күлімдеп еді,

Сұрапыл соғыс

Соқты да бұзды.

Сапырды дауыл,

Тебіренді теңіз,

Тулады толқын,

Шайқалдыы шың-құз.

Қып – қызыл өрттің Ішінде жүрміз,

Қайда екен, қайда,

Дариға, сол қыз?!

Оқ тиді келіп,

Қайратым кеміп,

Барамын сөніп,

Келмейді өлгім!

Тұрғандай сол қыз

Жаныма келіп,

Талпына берді

Қайран жас көңілім!

Барамын сөніп,

Барамын сөніп,

Жұтар ма мені

Мына сұм соғыс?

Арманым бар ма

Өлсем бір көріп,

Қайда екен, қайда,

Дариға, сол қыз?!

«Келмейді өлгім,

Келмейді өлгім!

Қайратым қайда,

Келші осындайда»,-

Дедім де тұрдым,

Жүгіре бердім,

Қолымда найза

Шағылып айға.

Жеңдік қой жауды,

Арман не, құрбым!

Күркіреп күндей

Өтті ғой соғыс.

Келемін қайтып,

Өлеңімді айтып…

Қайда екен, қайда,

Дариға, сол қыз!

Қасым Аманжолов