Қоғам

Қазақстанда қанша әйел тұрады?

Қазақстанда 10 млн 488 мың 74 әйел тұрады.

Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы жариялады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.

Жас ерекшелігіне қарай қарасақ, әйелдердің 29,1 пайызы – 0-15 жас аралығында, 55,5 пайызы – 16-60 жас аралығында, ал 15,4 пайызы – 61 жастан асқан азаматтар. Елдегі әйелдердің орташа жасы 34,1 жас болып отыр.

Аймақтар бойынша ең көп әйел Алматы қаласында тіркелген – шамамен 1,2 миллион. Одан кейін Түркістан облысында – 1 миллион, Астана қаласында – 803,5 мың, Алматы облысында – 778,5 мың әйел бар.

Елдегі жұмыспен қамтылған әйелдердің үлесі 48 пайыз, яғни шамамен 4,4 миллион адам. Жалдамалы қызметкерлер арасында әйелдердің үлесі 50 пайызға жуық, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың ішінде 45 пайыз.

Әйелдер көбіне білім беру саласында (20%), сауда саласында (19%) және денсаулық сақтау жүйесінде (10%)еңбек етеді. Ал жеке кәсіпкерлердің ішінде әйелдердің үлесі 50,8 пайызға жеткен.

Жұмыс істейтін әйелдердің ішінде ең көп бөлігі 35-44 жас аралығында. Бұл санатта 1,3 миллион әйел бар.