Руханият

Әнші Төреғали Төреәлі Қазақстанның оңтүстігіне қоныс аударды

Танымал әнші Төреғали Төреәлі отбасымен Түркістан қаласына қоныс аударды.

Әншінің айтуынша, бұл – жай ғана мекен ауыстыру емес, бұл – жүрекпен қабылданған шешім.

"Біз бұл қалаға қонақ болып келген жоқпыз. Біз – бірге еңбек етуге, бірге өркендеуге, бірге тарих жазуға келдік", - деді Төреғали Төреәлі.

Әнші Түркістан – тарихтың үнін сақтаған, уақыттың тынысын сездірген, рухтың тамыры тереңге кеткен қасиетті шаһар екенін атап өтті.

"Бұл қалада үнсіздік те мағыналы. Бұл жерде әрбір көше, әрбір тас – шежіре. Өткен мен болашақ бір-біріне қарсы тұрмайды, керісінше, бірін-бірі толықтырып, жалғастырып тұрады.

Біз бұл қаланы саналы түрде таңдадық. Түркі әлемінің рухани астанасы атанған осы мекеннің болашағына сенеміз. Түркістан тек киелі орталық қана емес, ол – жаңғырудың, жаңарудың, жасампаздықтың кеңістігі.

Отбасымызбен осында қоныстандық. Балаларымыз тамырын сезініп өссін деп, жасаған ісіміздің мағынасы терең болсын деп. Тек жобалар емес, із қалдыратын істер атқару үшін.

Түркістан – тек өткеннің мұрасы емес. Ол – болашақтың уәдесі", - деп жазды Төреғали Төреәлі.