Руханият

Әлиханның баскиімін арулап жерлеген – Тұңғышбай МҰҚАН

Бүгін – Алаш көсемінің туған күні. Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 160 жыл толып отыр. Осыған орай, Талдыбейіт қорымының шырақшысы, әлихантанушы Тұңғыш Мұқаннан Бөкейхановтар әулеті жатқан қорым туралы сұраған едік.

 – Осыдан бес жыл бұрын Алаш қайрат­керінің 155 жылдығында Шабанбай би ауылында ескерткіш қойылып еді. Туыстары мен жақындары жерленген Талдыбейіт қорымына барып, Алаш зерттеушілері Құран бағыштап қайтқан еді.  Бұл қорым тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қам­қорлығына алынуы керек деп едіңіз. Сол қорымның жайы не болды?

– Бүгінде Талдыбейіт қорымы жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіштер есебіне алынды. 2014 жылы мұнда кешенді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, қазір нысан талапқа сай жақсы жағдайда сақтаулы тұр. Сондай-ақ Әлекеңнің кіндік қаны тамған Жекежал қыстағы да назардан тыс қалмады. 2013 жылы оның іргетасы реттеліп, 2015 жылы «Әлихан Бөкейханов күзеткері» деп аталатын қара граниттен жасалған зәулім ескерткіш тақта орнатылды. Қыстақтың маңы толық қоршалып, бұл орын да жергі­лікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер тізі­міне ресми түрде енгізілді.

– Әлихантанушы Сұлтан-Хан Аққұлұлы Әлиханның інісі Смахан төренің қолжазба­ларын жариялағанын білеміз. 18 дәптерден тұратын  қолжазбадан бөлек,  ол кісінің жазған-сызғандарының бәрі табылды ма?

– Смахан төре Талдыбейітке Әлекеңнің өзі киген баскиімін арулап жерлеген. «Ар­уа­ғын көмдім» деген үлкен аяушылықпен көмілген бұл жәдігер күні бүгінге дейін топырақ астында сақтаулы. 2015 жылы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығының қарсаңында алаштанушы ғалым Айгүл Ісмақова бастаған 12 ғалымнан құралған халықаралық экспедиция ең алғашқы зерттеуін Талдыбейіттен бастаған. Осы жерден бір уыс топырақ алып, оны Қара­ғанды, Қарқаралы, Семей, одан ары Мин­с­кі­ге дейін барып, Ленинградтан өтіп Мәс­кеудегі Дон зиратына апарып, Алаш көсемі жатқан жерге қойды. Ал 2016 жылғы мерейтой үстінде Мәскеуден әкелінген бір уыс топырақ Ақтоғайдағы зиратқа сал­ынды. Бұл тарихи сәттің барлығы «Әли­хан – ұлт азаттық күрескері» атты танымдық деректі фильмде жан-жақты көрсетілген.

– Айтқандай, әлгі Талдыбейіттегі қорым­дағы ескерткіштегі жазбалар өшірілгені турал­ы естіген едік. Сол жазу қайта қалпына кел­тірілді ме? Әлде қайта қалыпқа келтіру мүмкін емес пе?

– 1960-жылдары Әлиханның бауыры Смахан төре Балқаш қаласында тұрып, 1967 жылы сол жерде дүниеден өтті. Сол кезеңде ол Қалдыбекке арнайы келіп, өз қолымен бетоннан ескерткіш құйып орнат­қан. Алайда 1961 жылы аудандық партия комитетінің хатшылары мазар басындағы жазуды оқып, оны «буржуазиялық идео­логияны насихаттайтын тас» деп бағалап, сол жазуды өшіруді талап етеді. Сол сәтте Әли­ханның атасы болып келетін  Мырза­тайдың бауыры Рүстем төренің ұрпақтары ескерткішті толықтай жойылып кетуден сақтап қалу үшін оның бетін цементпен сылап тастайды. Тіпті, бір жылдан соң Ал­матыдан келген арнайы фототілші беті тегістелген тасты суретке түсіріп кеткен. Тек 1992 жылы, еліміз Тәуелсіздік алған соң Ақтоғайда «Ақтоғай – Алаш арыстары­ның атамекені» деген ауқымды республика­лық іс-шара қарсаңында біз сол ескерткіштің бетіндегі қалың қатқан балшықты түсіріп, аршып алдық. Дегенмен тастың бастапқы қалпын толық қалпына келтіру үшін әлі де арнайы аппараттармен жұмыс істейтін білікті мамандар қажет. Қазірше ол сол тарихи күйінде тұр.

Халық мені «Әлихан Нұрмұхамедұлының шырақшысы» деп атайды. Өзім Қарағанды қаласында тұрсам да, алыс-жақыннан, қала берді ресми сапармен келген мейман­дарды киелі орындарға бастап апарып, тарихпен таныстыруды парызым санаймын. Биылғы жыл ақтоғайлықтар үшін ғана емес, күллі Алаш жұрты үшін жағымды жаңа­лықтарға толы болмақ. Атап айтқанда, Әлихан Бөкейханның кіндік қаны тамған Жекежал қыстауын қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұл нысан тиісті жоспарға еніп, қажетті қаражат та бөлініп қойды. Тағы бір жағымды жаңалық – Ақто­ғай ауданының орталығынан аудандық архео­логиялық-этнографиялық музейінің базасында «Алаш залы» деп аталатын арнайы зал ашылғалы жатыр. Мұнда Алаш арыстары – Әлихан Бөкейханның, Жақып Ақбаевтың және Әлімхан Ермековтің өмір жолынан сыр шертетін құнды құжаттар мен бірегей жәдігерлер қойылмақ. Бүгінде мұндай ауқымды «Алаш залы» республика бойынша тұңғыш рет қайраткерлердің туған жері – Ақтоғайда ашылғалы отыр. Қазір ғимарат мәселесі толық шешіліп, қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. Биылғы атқарылатын негізгі жұмыстардың ауаны осындай.

Aikyn.kz