Астанада әкімдікке қарасты мектеп директоры 8 жылға сотталды
Астанада әкімдікке қарасты «№81 Astana English school халықаралық мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесін басқарған Гүлнар Садықова 8 жылға сотталды. Ал мектептің бухгалтері Айжан Атжанова 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталғандар Astana English School мектебі пайдасына 304 761 316 теңге қайтаруға міндетті.
Бірнеше қылмысқа барған
Сотта мектепте бірнеше жыл бойы іс жүзінде жұмыс істемеген алты қызметкер тіркеліп тұрғаны анықталды. Оларға жалпы 28 миллион теңгеден астам қаражат аударылған.
Сондай-ақ сотталғандар 2015-2024 жылдары заңды негізсіз және өз қызметтік өкілетін пайдаланып, пайда табу мақсатында мектептің 501 білім алушысына ақылы білім беру қызметтеріне заңсыз жеңілдік ұсынған. Алайда директордың мұндай құқығы болмаған. Келген шығын сомасы – 182 989 008 теңге.
Сонымен қатар олар мекеменің нөлінші сыныбына ақылы білім беру қызметтерін көрсету үшін оқушылардың ата-аналарынан түсетін қаражатты алу және иемдену бойынша заңсыз схеманы ұйымдастырған. Ата-анадан түскен қаражатты өздері иемденген, салдарынан мекемеге 304 761 316 теңге шығын келді.
Бұдан бөлек, жазғы лагерьлерді ұйымдастыру кезінде де заңбұзушылықтар анықталған. Бұл эпизод бойынша кемінде 24 миллион теңге шығын келтірген.
Тағы бір жағдайда шетел мұғалімдерінің жалақысын негізсіз көтеріп, 74 889 328 теңге пайда тапқан.
Бағалы бұйымы мен үйі тәркіленді
Сот үкімімен Садықовадан мемлекет пайдасына Астанадағы екі қабатты тұрғын үй, жер учаскесі, Соасһ, Fendi, Saint Laurent, YSL, Fendi Baguette, Baldinini, Prada Milano, Hermes, Gucci Bamboo сөмкелері тәркіленді. Сондай-ақ «Картье» сақинасы мен білезігі, «Версаче» сақинасы, білезігі және басқа да бағалы бұйымдар тәркіленді.