Әлем

Балтық теңізінің түбінде соғыстан қалған мыңдаған тонна қауіпті қару жатыр

Екінші дүниежүзілік соғыстан бері оған 40 мың тоннадан 60 мың тоннаға дейін химиялық қару тасталған.

Сондай-ақ, жүздеген мың тонна әскери қару-жарақтар да бар. Қарудың екі түрі де уытты, бірақ оларды жою халықаралық құқық талаптарына сай оңай болмайын деп тұр, деп жазды Euronews.

Басылымның жазуынша, Балтық теңізінің түбі соғыстардың теңізді қалай ластайтынының мысалы деуге болады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Балтық теңізінің өзінде 40-60 мың тонна химиялық қару тасталған. Польша Ғылым академиясының океанология институтындағы зертхананың биологы, доктор Михал Чуб әсері химиялық қарудан кем түспейтін кәдімгі қару-жарақтың да өте көп екенін айтады.

"Бағалауларға сәйкес, ХХ ғасырда Балтық теңізінде 200 мыңға дейін теңіз минасы болды. Әрбірінде ондаған келіден бір тоннаға дейін жарылғыш зат болуы ықтимал. Алайда суға батырылған арсеналдардың саны жағынан кәдімгі қару химиялық қарудан да әлдеқайда көп", – деді сарапшы.

Михал Чуб теңіз түбінің ластануы туралы айтқанда "сағат механизмі бар бомба" деген терминді қолданудан сақ болуға шақырады. Оның сөзінше, теңіз түбіндегі химиялық және әскери қарудың коррозияға ұшырауы улы заттардың суға бөлінуіне, кейіннен теңіз ағзаларының улануына әкелуі мүмкін. Сарапшы бұл құбылыстың түпкілікті ауқымы белгісіз екенін айтады.

Қару-жарақты теңізге тастау тәжірибесі 1972 жылғы Лондон конвенциясы, 1971 жылғы Теңіз түбі туралы шарт, 1993 жылғы Химиялық қаруға тыйым салу туралы конвенция және Хельсинки конвенциясы сияқты халықаралық келісімдермен қатаң тыйым салынған. Сарапшылар теңіз түбінде қалған қару-жарақты міндетті түрде жою қажет деген байламға келген. Бірақ та, қазір оны қауіпсіз әрі экологияға зиян келтірмей іске асыру қажеттігі пысықталып жатыр.