Айзат Жұманованың өлімі: аппеляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды
Аталған шағым Жетісу облыстық сотының апелляциялық алқасында қаралды.
Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жұманованың қаза болуына байланысты қозғалған іс бойынша апелляциялық инстанция қорытынды шешімін жариялады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Апелляциялық сот бірінші саты тағайындаған 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын өзгеріссіз қалдырды.
Аталған шағым Жетісу облыстық сотының апелляциялық алқасында қаралды. Жәбірленуші тарап айыпталушы Айбар Жанболаттың әрекеті қатаңырақ баппен бағалануы тиіс деп, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігіне қайта саралауды талап етті. Ал қорғау жағы, керісінше, жазаны жеңілдетуді сұрап, істегі бапты ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігіне ауыстыруды ұсынды. Қорғаушы Жанат Сарқытовтың айтуынша, оқиға қасақаналықпен емес, абайсызда орын алған деген уәж келтірілген.
Дегенмен сот отырысына төрағалық еткен Айдын Жұрханов апелляциялық сатыда істі қосымша тергеуге жолдау мүмкін еместігін және қарау шегі айыптау актісінде көрсетілген бап аясында ғана жүретінін мәлімдеді. Нәтижесінде сот алқасы жиналған дәлелдер Қылмыстық кодекстің 99-бабына сәйкес келеді деген тұжырымға тоқтады.
Судьялар бұл бап бойынша 7 жылдан 15 жылға дейін жаза қарастырылғанын ескерді. Айыпталушының бұрын сотталмағаны назарға алынғанымен, 14 жылдық үкім сол күйі сақталды. Сонымен бірге жәбірленуші жаққа моральдық шығын өндіру туралы шешім де өзгерген жоқ.