Әлеумет

Әлназарова ер адамға неге жатыр мойыны скринингі тағайындалғанын түсіндірді

Ақмарал Әлназарова Ақордада өткен брифингте Медициналық сақтандыру қорына жүргізілген тексеру нәтижелеріне қатысты пікір білдірді.

Министрдің айтуынша, Қаржы министрлігі жариялаған мәліметтер бойынша талдау жұмыстары жүргізілген. Кейбір көрсеткіштер сырт көзге заң бұзушылық болып көрінгенімен, олардың бекітілген есептеу әдістемесіне негізделгенін атап өтті.

– Алғаш қарағанда күмән тудыратын жайттар бар. Бірақ олардың барлығының түсіндірмесі бар. Мәселен, қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет көрсетілгені туралы дерек гистологиялық зерттеулердің төлеміне байланысты. Бұл сараптамалар науқас көз жұмғаннан кейін, мәйітті тексеру қорытындысы бойынша жасалады, – деді министр.

Сондай-ақ ол ер адамдарға жатыр мойны обырына скрининг жасалды деген ақпаратқа да тоқталды. Министрдің сөзінше, мәселе жеке сәйкестендіру нөміріндегі техникалық қателікке байланысты туындаған.

– Бірқатар азаматтың ЖСН-індегі жетінші сан қате көрсетілген. Сондықтан есеп қалыптастыру кезінде жынысты айқындауда жаңсақтық кеткен. Негізінде әйелдерге арналған тексеру әйелдерге, ерлерге арналғаны ерлерге жүргізілген. Төлем нақты көрсетілген қызмет үшін жасалған. Алайда есепті жүйелеу барысында кодтау кезінде қате орын алған, – деді Ақмарал Әлназарова.

Министрлік Қаржы министрлігімен бірлесіп, мұндай статистикалық ауытқуларды болдырмау үшін деректерді нақтылау жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.