Экономика

BI Group бюджетке 90 млрд теңге салық төледі

BI Group холдингі қаржылық көрсеткіштері мен салық төлемдері туралы мәлімет жариялады.

Компанияның қаржы директоры Ернар Жанәділ "Капиталға" берген сұқбатында 2025 жылдың қорытындысы бойынша холдинг бюджетке шамамен 90 млрд теңге салық аударған. Соңғы бес жылдағы жиынтық салық көлемі 300 млрд теңгеге жуықтаған.

Холдинг алдағы бір-екі жыл ішінде жергілікті және халықаралық нарықтардан 500 млн долларға дейін инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Қаражат тұрғын үй жобаларын дамытуға және шетелдегі бағыттарды кеңейтуге жұмсалмақ. Ақпан айында компания отандық қор нарығында 65 млн доллар көлемінде қаржы тартқан.

Холдинг әлеуметтік жобаларға да қомақты қаражат бөлген. 30 жылдық мерейтой аясында «30 игі іс» бастамасына 12,3 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде «BI-Жұлдызай» қоры арқылы 325 балаға жоғары технологиялық ота жасалып, отбасылардың қымбат емге кететін шамамен 4,9 млрд теңге шығыны үнемделген.

2026 жылы компания Қазақстанмен қатар Дубай, АҚШ, Әзербайжан және Өзбекстан нарықтарында жобаларды дамытуды көздеп отыр. Холдинг өкілдерінің мәліметінше, бизнес негізінен коммерциялық сегментке бағытталған, ал мемлекеттік тапсырыстардың үлесі жалпы табыстың 17 пайызынан аспайды.