2026 жылы дүниеге келетін балалардың 85%-ы Азия мен Африкада туады
2026 жылы әлемде дүниеге келетін балалардың басым бөлігі – шамамен 85 пайызы – небәрі екі құрлықта, яғни Азия мен Африкада өмір есігін ашады.
Бұл дерек БҰҰ-ның халық саны жөніндегі болжамдары негізінде жасалған.
Болжамға сәйкес, 2026 жылы Азияда шамамен 64,9 миллион сәби дүниеге келеді. Бұл – әлемдегі барлық туылымның 49 пайызына жуық. Яғни әрбір екінші бала осы құрлықта туады деген сөз.

Фото: visualcapitalist
Африкада да демографиялық өсім жоғары қарқынмен жалғасады. Сарапшылардың есебінше, 2026 жылы бұл құрлықта 47,6 миллион бала дүниеге келеді. Бұл әлемдік көрсеткіштің 35,9 пайызына тең.
Ал басқа өңірлерде туу деңгейі айтарлықтай төмен. Еуропаның үлесіне әлемдік туылымның небәрі 5 пайызы тиесілі болса, Солтүстік Америкада бұл көрсеткіш 3 пайыз шамасында болады.
Сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс жаһандық демографиялық теңгерімге тікелей әсер етеді. Алдағы жылдары еңбек нарығы, урбанизация, білім мен денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақ дәл осы Азия мен Африкада арта түсуі мүмкін.