Қабанбайға «Ерасыл» деп метрика жазып жүрген кім?..
Бұл туралы публицист Ахмет Өмірзақ әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ерасыл. Осы есімге біртүрлі сенбейтін едім, дәлірегі Қабанбайдың ныспы дегенге. Адамның ішкі түйсігі деген болады, содан соң оны ғылымнан кішкене хабары бар адам сезеді ғой. Ерасыл деген есім ХХ ғасырдағы адам есімін қолдан жасау әдісіне келетін сияқты еді, бірақ бұл мәселені зерттеп көрмеген соң дәлелді бірдеңе айта алмайтын едік. Енді аяқ астынан мынадай бір дерекке жолығып отырмыз. Оны жазған анау-мынау емес, Мұхтар Мағауин! Оқып көріңіз:
«...Мәселен, атақты Қаракерей Қабанбай батырдың азан айтып қойған есімі − Ізбасар. Аңыз, жырда да, ескі кітаптарда да солай. Біз жыраулар туралы зерттеуімізде бірнеше мәрте жүгінген «Тауарих хамса» кітабында да − Ізбасар. Алайда, Қабанбай туралы арнайы еңбек жазған шеттегі бір бауырымыздың қолына осы Құрбанғали еңбегінің әбден тозған данасы иә көшірмесі түссе керек, «з» үстіндегі ноқат өшіп қалған сияқты, нәтижесінде елеусіз әліпті және қосып, «Аирбаср» немесе «Аирбасл» («р»-ды биіктеу жазса «л» болады) деп оқыған да, түзу атаудың ешбір қисынын таппай, Ерасыл деп жаза салған. Қазақтың ХVIII ғасырдағы бас батыры атадан туғанда Ізбасар болды, жауға шапқанда асқан ерлігі үшін Қабанбай атанды, уақыт оза келе қолбасылық қасиеті үшін Дарабоз деген мәртебеге жетті, ешқашан да Ерасыл деп атанған емес, басқаны былай қойғанда, бұл − қазақ тілінің қалыпты заңына үйлеспейтін тіркес».
Мұхтар Мағауин. «Мен» (ғұмырбаяндық хамса), «Гаухар» баспасы», Алматы, 1998 жыл. 329-330 бет.