Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады
Ақорда резиденциясында ХХV Қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде Қазақстан үшін бұл Олимпиаданың орны ерекше екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровтың жеңісі еліміз үшін теңдесі жоқ жетістік саналатынына назар аударды.
Мемлекет басшысы Олимпиада чемпионының әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегіне айрықша тоқталды.
Президент чемпионның бапкері, әйгілі спортшы, 1994 жылғы Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионы Алексей Урмановқа ыстық ықыласын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына қолайлы жағдай жасалатынын айтты. Бұл – мемлекеттік саясаттың басым бағыты.
Президенттің пікірінше, мемлекеттердің дамуы да үлкен спортқа ұқсас: кім алдына биік мақсат қояды, табанды еңбек етеді, бірлесіп жұмыс істейді, сол жетістікке жетеді.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, екі жылдан кейін атлеттеріміз Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатынын еске салды.
Президент XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы жетістіктері үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, бапкері, жаттықтырушы-кеңесші Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. «Құрмет» ордені Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа, Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табысталды.
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров көрсеткен қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша отандасымызға ризашылығын білдірді.