Әлем

Билл Гейтс Эпштейнмен байланысы үшін кешірім сұрады

Гейтс өз мәлімдемесінде Эпштейнмен уақыт өткізуі және сол кездесулерге қор қызметкерлерін тартуы «үлкен қателік» болғанын атап өткен.

Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс өзінің қайырымдылық қоры қызметкерлерінен қаржыгер Джеффри Эпштейнмен араласқаны үшін кешірім сұрады. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы жазды.

Басылым мәліметінше, Гейтс Эпштейнмен 2011 жылы кездесулер бастаған. Бұл – Эпштейн кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тарту ісі бойынша кінәсін мойындап, сотталғаннан кейінгі кезең.

Гейтс өз мәлімдемесінде Эпштейнмен уақыт өткізуі және сол кездесулерге қор қызметкерлерін тартуы «үлкен қателік» болғанын атап өткен. Сонымен қатар ол некеден тыс қарым-қатынастар болғанын да мойындады. Алайда кәсіпкер заңға қайшы еш әрекет жасамағанын ерекше айтты.

Еске салайық, 2026 жылдың басында АҚШ Әділет министрлігі Эпштейн ісіне қатысты шамамен 3 миллион құжатты жариялаған еді. Құжаттарда саясаткерлер, ірі бизнес өкілдері мен элита өкілдерінің есімдері аталады. Олардың қатарында Билл Гейтстің де аты аталған.

Джеффри Эпштейн 2019 жылы қамауда қайтыс болған. Оның ісі халықаралық деңгейде үлкен резонанс тудырған болатын.