Әлеумет

Жас ғалымдардың халықаралық форумы өтті

Бүгінде Астана медицина университетінде оқып жатқан 2 мыңға жуық білім алушы ғылыми және инновациялық белсенділікті дамытуға бағытталған студенттік ұйымдарда зерттеу жұмыстарымен айналысып жүр. Бұл туралы Жас ғалымдардың халықаралық форумында АстМУ-ның басқарма төрағасы-ректор Камалжан Надыров айтты.

Елорданың бас медициналық білім ордасында жас ғалымдардың халықаралық жиыны өткізіліп жатыр. 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне орайластырылған форум жастардың арасында ғылымды дәріптеп, осы бағыттағы жетістіктер туралы пікір алысу платформасын құруды көздейді. Алқалы басқосуға құрметті спикер ретінде ғылым саласында танымал тұлғалар шақырылып отыр. Астана медициналық университетінің басшысы Камалжан Талғатұлының сөзінше, былтыр ғылыми жобалар бойынша университеттің ішінде гранттар бағдарламасы іске қосылған. Осы орайда 200-ден астам студент түрлі халықаралық конкурс пен конференцияның жүлдегерлері атаныпты.

Бұл тұрғыда озық ойлы жастардың жиынына еліміз бен шетелдік университеттер мен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысып жатқанын айта кету керек. Халықаралық басқосу Денсаулық сақтау министрлігі, Жоғары білім және ғылым министрлігі мен «Ғылым қоры» АҚ, сондай-ақ ірі медициналық компаниялар мен бизнестің басқа да құрылымдарының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ форумның MedX форматындағы сессияларында ғылыми салада белгілі 15-тен астам құрметті спикер жастарға табысты кейстер туралы баяндайды.

Бұдан басқа DemoDay аясында үздік стартап жобалары таныстырылады. Ғылыми жобалардың презентациясына 40-тан астам өтінім берілген. Олардың ең үздіктеріне арнайы жүлде тағайындалады, тиісті жобаны болашақта іске асыру мақсатында қаржылай қолдауға ие болмақ.

Айта кетейік, форум Астана медицина университетінің 60 жылдығын мерекелеу аясында қолға алынған алғашқы ауқымды іс-шара. АстМУ-де медициналық ғылымды дамытуға, сондай-ақ осы саладағы ынтымақтастыққа айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл ұстаным университеттің алдағы үш жылға арналған Даму стратегиясында қамтылған. Форумға еліміздегі 14 ірі жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ ТМД, Еуропа және Азия елдерінен келген шетелдік жас ғалымдар қатысты.