Шымкентте жаңа фармацевтикалық зауыт салынады
Польша компаниясы Шымкентте 40 млрд теңгеге фармацевтикалық зауыт салады.
Шымкентте ірі фармацевтикалық инвестициялық жоба іске аспақ. Польшаның жетекші кәсіпкерлерінің бірі жаңа дәрі-дәрмек зауытын салуға ниетті. Жобаны Қазақстан Үкіметі мақұлдады.
Бұған дейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Химфарм» ЖШС («Polpharma Santo» бренді) басшылығымен кездесіп, дәрі бағасының өсуін тежеу және халықты қолжетімді, сапалы препараттармен қамту мәселесін талқылаған еді. Кездесу барысында өндірісті кеңейту және заманауи технология енгізу туралы уағдаластық жасалған.
Жаңа зауыт құрылысына шамамен 40 млрд теңге жеке инвестиция тартылады. Жоба аясында қосымша өндірістік желілер іске қосылып, шығарылатын дәрі түрлері 38 атауға дейін көбейеді. Олардың ішінде онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және жұқпалы ауруларға қарсы препараттар бар.
Өндірістің алғашқы кезеңін 2029 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр. Жоба жүзеге асқанда 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар поляк инвесторлары Шымкентте дәрілік өнімдерді әзірлейтін ғылыми-зерттеу сынақ орталығын және заманауи зертханалары бар Сапа және инновациялар орталығын салуды көздеп отыр.
Жаңа кәсіпорын іске қосылса, отандық дәрі өндірісінің үлесі артып, импортқа тәуелділік азаюы мүмкін. Шымкенттің фармацевтика саласындағы орны да күшейе түседі.