Әлеумет

Елордада қызылша өршіп тұр: жыл басынан бері 900-ден аса жағдай расталды

Қызылша иммунитеттің өзге де вирустарға қарсы тұру қабілетін жояды.

Астанада қызылшаға шалдыққандар саны көбейіп келеді. Мамандар бұл дерттен айыққан адамның да бірнеше ай бойы түрлі инфекцияларға осал болатынын ескертеді. Себебі қызылша иммундық жүйені әлсіретіп, ағзаның басқа вирустар мен бактерияларға қарсы тұру қабілетін уақытша төмендетеді.

Аурудың салдары мен алдын алу жолдары санитариялық қызмет өкілдері, қала әкімінің орынбасары және елордалық әйел көшбасшылар қатысқан дөңгелек үстелде талқыланды. Жиында эпидемиологиялық ахуалдың күрделеніп бара жатқаны айтылды.

Мамандардың айтуынша, қызылша өте жұқпалы. Бір науқас орта есеппен 12-18 адамға дейін вирус жұқтыра алады. Ал екпе алмаған бала инфекцияны жұқтыру қаупіне толықтай тап болады.

Дәрігерлер қызылшаның асқынған түрі өкпе қабынуына, есту қабілетінің төмендеуіне, тіпті энцефалитке әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Ауыр жағдайда мүгедектікке немесе өлімге соқтыру қаупі бар.

Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Қазақстанда қызылша, паротит және қызамыққа қарсы біріктірілген екпе қолданылады. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, балаларға вакцина 1 жаста және 6 жаста салынады. Екі рет екпе алған адамда тұрақты иммунитет қалыптасады.

Вакцинадан кейінгі жанама әсерлер көбіне жеңіл өтеді: дене қызуының аздап көтерілуі, екпе салынған жерде қызару немесе ауырсыну. Сирек жағдайда бөртпе шығуы мүмкін.

Баланың екпе алған-алмағанын ата-аналар «eGov Mobile» қосымшасы арқылы немесе учаскелік дәрігерден нақтылай алады. Мамандар елордалықтарды уақытылы вакцина салдыруға шақырады.