Әлеумет

Астанада болашақ аналарға арналған клиникалар ашылды

Елордада бірден екі "Бір күндік клиника" ашылды: бүкіл ел азаматтарын қабылдай алатын бірінші нысан Ана мен бала орталығы болса, сондай-ақ қала тұрғындары үшін бұл жоба №2 қалалық көпбейінді ауруханада да іске қосылды.

"Бір күндік клиниканың" басты миссиясы – болашақ аналарға мүмкіндігінше сапалы, жан-жақты және жайлы медициналық көмек көрсету, процедуралар мен консультацияларға кететін уақыт пен күш-жігерді азайту.

Биохимиялық пренатальды скрининг FMF Халықаралық ұрық медицинасы Фондымен сертификатталған, 2024 жылғы автоматтандырылған иммуноанализатор көмегімен жүргізіледі. 30 минут ішінде құрылғы үлгіні өңдеуден өткізіп, нәтижені жедел дайындап шығарады. Ұрықтың анатомиясын мұқият, дәл зерттеуге бағытталған бағдарламалары бар заманауи сараптамалық аппараттарда ультрадыбыстық скринингтен өту мүмкіндігі қамтамасыз етілген.

Осылайша дәрігерлердің құрамдастырылған сараптамалары мен заманауи құрал-жабдықтардың арқасында жүкті әйелдер бір мезетте қажетті медициналық ұсыныстарға қол жеткізе алады. Болашақ аналарға зерттеу нәтижелерін күтетін сәтте тәтті ас-дәм ұсынылады.

Қалалық клиникаға жолдаманы жүкті әйелдер тіркелген жері бойынша емханада ала алады. Клиника жұмыс күндері таңғы 8:00-ден бастап жұмыс істейді.