Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Дмитрий Сомовтың ұсталғанын Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады. Пара берді деген күдікке ілінген депутаттың ісі өңірдегі ірі тұлғалардың қамауға алынуымен тұспа-тұс келіп отыр, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Todayinfo ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
ҰҚК Politico.kz сауалына берген ресми жауабында сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ресми хабарламада.
Тергеудің басты себептерінің бірі Сомовтың бизнесімен байланысты болуы мүмкін. Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы депутаттың «Востоквзрывпром» серіктестігін сотқа беріп, келісімшартты орындауды және айыппұл төлеуді талап етуде. Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметінше, депутат пен оның жұбайы Елена Сомова басқаратын бұл компания 2024 жылдың өзінде республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге жалпы сомасы 24,3 миллиард теңгеден асатын бірнеше келісімшарт жасасқан.
Бұған дейін журналистік зерттеулер Сомовтың компаниялары мемлекеттік тендерлерді қалай жеңіп алғанын көрсеткен. Жемқорлықты зерттеу қор-бюросының мәліметінше, Сомовтың «Востоквзрывпром» компаниясы мен оның іскерлік серіктесі Александр Андрейчуктың «Kurylys Group RK» фирмасы Өскемендегі ірі құрылыс тендерлеріне қатысып, бәсекелестікті шектеу үшін бір-біріне жалған қарсылас болған.
Бұл компаниялардың жұмыс сапасына қатысты жергілікті кәсіпкерлер де шағымданған. Мәселен, «Топаз» компаниясының директоры Болат Бағадаев «Востоквзрывпром» серіктестігінің қажетті техникасы мен мамандары болмаса да, ірі байқауларды жеңіп алатынын мәлімдеген. Бір қызығы, екі компания да бұрын мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылғанына қарамастан, ірі мемлекеттік жобаларды алуды тоқтатпаған.
Дмитрий Сомовтың ұсталуы – Шығыс Қазақстан облысындағы жалғыз ірі оқиға емес. Жақында ғана ҰҚК осы өңірдегі облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың да қамауға алынғанын растаған болатын.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




