Қоғам

Алаяқтық жасады деген күдікті Түркияда ұсталды

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім етті.

Түркияның Анталья қаласында аса ірі мөлшерде сериялық алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы ұсталып, елге қайтарылды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті 2019-2020 жылдары Шымкент қаласының төрт тұрғынын алдап, олардың қаражаты мен жер телімдерін заңсыз иемденген. Жәбірленнушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 95 миллион теңгеге жуық.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жауапкершіліктен қашып, шетелге жасырынған. Соған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.

"Заңмен белгіленген жауапкершіліктен жалтару мақсатында қаскөй жасырынып қалған, соған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланды. Кейіннен күдікті Түркия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды", — делінген ресми хабарламада.

Қазіргі уақытта ер адам тергеу изоляторына қамалды. Оған қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Егер оның кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.