Енді тәртіп бұзған алматылықтарға дрон ескерту жасайды
Мақсат – айыппұл салу емес, тұрғындарға тәртіп сақтау керегін дер кезінде еске салу.
Алматыда тәртіпті енді дрондар да бақылайды. Қала аспанында полицияның ұшқышсыз аппараттары патрульдеуге кірісті.
Polisia.kz мәліметінше, дрондар тек құқық бұзушылықты тіркеп қана қоймай, тұрғындарға ескерту жасайды. Олар арнайы жарық белгілерімен және дауыс зорайтқыш құралдарымен жабдықталған.
Ұшқышсыз аппараттар жаяу жүргіншілер аймағын, аулаларды және адам көп жиналатын орындарды бақылап ұшады. Егер біреу қоқысты жәшікке тастамай жерге лақтырса, қоғамдық орында түкірсе, ұсақ бұзақылық жасаса немесе жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтсе, дрон бірден дауыстап ескерту жасайды.
Алматы қалалық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының басшысы Серік Шумаевтың айтуынша, бұл – құқық бұзушылықтың алдын алудың жаңа тәсілі. Яғни мақсат – айыппұл салу емес, алдымен тұрғындарға тәртіпті сақтау керегін дер кезінде еске салу.
Полиция өкілдері дрондардың көмегімен қолжетімсіз аумақтарды да бақылауға болатынын айтады. Бұл қосымша қызметкер санын арттырмай-ақ қаладағы жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Осылайша, тәртіп сақшылары қала тұрғындарын қоғамдық орындарда жауапкершілікпен әрекет етуге шақырмақ.