Тоқаев Boeing басшылығымен кездесті
АҚШ-пен тікелей рейс ашылып, Dreamliner ұшақтары жеткізіледі
АҚШ-қа жұмыс сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев авиация, қорғаныс және ғарыш техникасын өндіретін Boeing корпорациясының басшылығымен кездесті. Кездесуде Қазақстандағы әуе тасымалын кеңейту және жаңа ұшақтар жеткізу мәселесі талқыланды.
Мемлекет басшысы отандық Air Astana, SCAT Airlines және Vietjet Qazaqstan компаниялары авиация саласын дамытуға бағытталған ортақ жобаларды жалғастыруға мүдделі екенін айтты.
Президент Air Astana мен Boeing арасында ұшақ жеткізу жөніндегі келісімге қол қойылғанын атап өтті. Жоспар бойынша, жыл соңына дейін Қазақстанға Boeing 787 Dreamliner ұшақтары жеткізіліп, АҚШ-пен тікелей әуе қатынасы ашылмақ.
Сонымен қатар SCAT компаниясы қосымша Boeing ұшақтарын сатып алуды көздеп отыр. Бұған қоса, америкалық корпорациямен бірлесіп, Шымкент әуежайында техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл – елдегі алғашқы осындай орталық болмақ.
Кездесуде компания өкілі Джефф Шокки цифрландыру бағытындағы жоспарларын таныстырып, Қазақстанның көлік-транзит мүмкіндігін жоғары бағалады. Оның айтуынша, жүк тасымалы саласында да ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік бар.
Тараптар сондай-ақ авиация мамандарын даярлау және жүк ұшақтары паркін кеңейту мәселелерін талқылады.