Түркістан облысында 583 миллион теңге жымқырылған: 14 адам сотталды
Барлығы 18 лауазымды тұлға мектептердің қаржысын жүйелі түрде заңсыз иемденген.
Түркістан облысы Байдібек ауданында білім саласына бөлінген қаржыға қатысты ірі заңбұзушылықтың беті ашылды. Сот үкімімен 14 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті жүргізген. Іс материалдарына сүйенсек, аудандық білім бөлімінің басшылары, бухгалтерлері мен экономистері – барлығы 18 лауазымды тұлға мектептердің қаржысын жүйелі түрде заңсыз иемденген.
Схема қалай жұмыс істеген?
Құжаттарда іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдар көрсетілген немесе кей қызметкерлердің жалақысы мен үстемеақысы негізсіз көбейтілген.
Қаражат жалған тұлғалардың, оның ішінде туыстар мен таныстардың шоттарына аударылып, кейін алдын ала келісілген тәртіппен өзара бөлінген.
Мемлекетке келген жалпы шығын 583 миллион теңгеден асты.
Тергеу барысында күдіктілер бұл соманы толық қайтарған.
Сот шешімі бойынша 14 адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылды.