Саясат

Тоқаев Қазақстан неліктен "Бейбітшілік кеңесіне" мүше болғанын түсіндірді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесін құруды қолдағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қазақстан бұл платформаны тұрақтылыққа қол жеткізу, даму мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолындағы практикалық құрал деп санайды.

Мемлекет басшысы National Interest басылымына арналған мақаласында БҰҰ қолдауымен құрылған Бейбітшілік кеңесі бастамасы халықаралық қақтығыстарды, әсіресе Таяу Шығыс пен Газа секторындағы жағдайды шешудің нақты жолдарын іздеудегі маңызды қадам болғанын атап өтті.

Тоқаевтың айтуынша, АҚШ ұсынған тәсіл жаңа тұжырымдамаға негізделген — бейбітшілікке экономикалық даму, инвестиция тарту және жұмыс орындарын ашу арқылы қол жеткізу. Бұл жаңа қақтығыстардың туындау ықтималдығын азайтуға тиіс.

Президент бұл қағидаттар қоғамның басты үмітіне — қауіпсіздікке, тұрақтылыққа және лайықты болашаққа деген сұранысына сай келетінін айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясат ұстанатынын да айтты. Ел бір жағынан Израильмен қарым-қатынасты дамытса, екінші жағынан палестин халқының құқықтарын қолдап, екі мемлекет құру қағидатына негізделген шешімді жақтайды. Оның сөзінше, Бейбітшілік кеңесіне қатысу ұлттық мүддеге сай келеді әрі экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, инвестиция мен жаңа технология тартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Астана бұл бастамаға қатысу мұсылман және еврей әлемі арасындағы диалогты кеңейтуге және халықаралық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді деп үміттенеді.

Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілгенін, оның стратегиялық бағыттарды — пайдалы қазбалар кен орындарын игеру, цифрлық инфрақұрылым, логистика және жоғары технологиялы өндіріс салаларын қамтитынын айтты. Атап айтқанда, америкалық Cove Capital компаниясының қатысуымен әлемдегі ең ірі вольфрам кен орындарының бірін игеру жөніндегі бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр.

Бұған дейін Қазақстан АҚШ бастамасымен Газа секторындағы қақтығысты реттеу және оны қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатында құрылған Бейбітшілік кеңесіне ресми түрде қосылып, ұйымның негізін қалаушы елдердің бірі атанғаны хабарланған болатын. Президент әкімшілігі ұйымға кіру міндетті қаржылық жарна талап етпегенін нақтылады.

Бейбітшілік кеңесіне Қазақстан, Сауд Арабиясы, Түркия, Армения және Әзербайжан сынды 18 мемлекет кірді. Қазақстан бұл ұйымға қатысу арқылы халықаралық беделін нығайтып, экономикалық байланыстарды дамытып, жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды ілгерілетуді көздеп отыр.