Lukoil жобасы Ирактың ұлттық компаниясына берілді
Ирактағы «Батыс Курна-2» (West Qurna-2) мұнай кен орнын игеру жобасы ресейлік Lukoil компаниясынан жергілікті ұлттық операторға өтті.
Енді кен орнындағы мұнай өндіру жұмыстарын Ирактың Basra Oil Company компаниясы жүргізеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Тараптар кен орнындағы операцияларды ұлттық компанияға беру жөнінде келісімге келген. Бұған дейін АҚШ санкциялары енгізілгеннен кейін Ирак билігі аталған кен орнын ұлттық бақылауға алған болатын.
Сонымен қатар, Lukoil шетелдегі активтерін сату бойынша келіссөздерді жалғастырып жатыр. Компанияға бұл мәселе бойынша шешім қабылдау үшін 28 ақпанға дейін мерзім берілгені айтылады.
«Батыс Курна-2» — Ирактағы ірі мұнай кен орындарының бірі. Жобаның ұлттық компанияға өтуі елдің энергетикалық секторындағы өзгерістерді күшейте түсуі мүмкін.