Енді тауардың түпнұсқалығын телефонмен-ақ анықтай аласыз
Қазақстандықтар енді сатып алған тауарының түпнұсқа не жалған екенін eGov Mobile қосымшасы арқылы тексере алады.
Қосымшада арнайы жаңа сервис іске қосылды. Ол Naqty Onim жүйесі негізінде жұмыс істейді.
Жаңа қызметті пайдалану үшін тауар қаптамасындағы Data Matrix кодын eGov Mobile арқылы сканерлеу жеткілікті. Жүйе тауар туралы мәліметті шығарып, оның ресми тіркелгенін немесе тіркелмегенін көрсетеді.
Қазіргі таңда сервис арқылы дәрі-дәрмек, темекі өнімдері және аяқ киімнің түпнұсқалығын тексеруге болады. Бұл санаттар жалған өнім ең көп кездесетін тауарлар қатарына жатады.
Айта кету керек, 2024 жылғы 1 шілдеге дейін өндірілген дәрілер жүйеде көрінбеуі мүмкін. Себебі ол кезде міндетті таңбалау талабы әлі күшіне енбеген.
Қызмет тегін әрі eGov Mobile қосымшасын пайдаланатын барлық азаматтарға қолжетімді.