Экономика

Қазақстанда баға өсімі тоқтар емес: жаңа мәлімет жарияланды

Қазақстанда инфляция 12,2% болды: азық-түлік қымбаттауы баяулағанымен, тауарлар қымбаттай түсті

Қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жылдық инфляция 12,2% деңгейінде қалыптасты, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Oimaqnews.kz.

Өткен жылдың желтоқсанында бұл көрсеткіш 12,3% болған. 

Баға өсімі өңірлерде әртүрлі болды: 11 өңірде инфляция баяуласа, 8 өңірде керісінше жеделдеген, ал 1 өңірде өзгеріссіз қалды.

Азық-түлік тауарларының жылдық бағасы 12,9%-ға өсті. Желтоқсанда бұл көрсеткіш 13,5% болған еді. Ең жоғары қымбаттау Ұлытау облысында — 16,2%, ал ең төмен өсім Ақтөбе облысында — 11,3% тіркелді.

Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар керісінше жылдам қымбаттай бастады: олардың бағасы жылдық мәнде 11,7%-ға дейін көтерілді (желтоқсанда — 11,1%). Бұл көрсеткіш Ақмола облысында 13,4% болып ең жоғары мәнге жетсе, Батыс Қазақстан облысында 8,0% деңгейінде қалды.

Ақылы қызметтердің бағасы жылдық есепте 12,0% болып өзгермеді. Маңғыстау облысында қызмет бағасының өсуі республикалық деңгейден төмен — 9,0% болды.

Айлық инфляция қаңтарда 1,0% деңгейінде қалыптасты.