«Senat Open 2026» республикалық шахмат турнирі: жаңа өңірлер мен санаттар қосылуда
2026 жылғы Сенат кубогы қатысушылар қатарын жаңа санаттармен толықтырып, ауқымын кеңейтіп келеді.
Еліміздің өңірлерінде шахматтан 2026 жылғы Сенат Кубогының 1/8 финалдық кезеңі жалғасуда. Жарыс кестеден ауытқымай, жоспарлы түрде өтуде. Турнир аясында кәсіби мамандар мен қоғам белсенділерінің басы қосылып, қатысушылар қатары толыға түсуде. Өткен аптада дүбірлі бәсеке бірнеше аймақта қатар ұйымдастырылды.
Астанада білім беру саласы өкілдері арасында 100 адамның қатысуымен, сондай-ақ мәдениет саласы бойынша 67 қатысушы бақ сынасқан турнирлер өтті.
Қостанай облысында 1/8 финалдық кезең мемлекеттік қызметшілер (62 қатысушы) және мәдениет саласының қызметкерлері (42 адам) арасында өтті.
Алматыда жарыс мәдениет саласының 71 шахматшысы, сонымен қатар денсаулық сақтау саласының 84 қызметкері арасында жалғасты.
Ойындар Ақтөбе облысында да ұйымдастырылды: мұнда ішкі істер органдарының 87 өкілі және 66 мемлекеттік қызметші өзара мықтыны анықтады.
Бұдан бөлек, Атырау облысында 1/8 финалдық кезең 80 мемлекеттік қызметші арасында өткізілсе, Қарағанды облысында ғылым және білім беру саласы қызметкерлері арасындағы жарыстар осы санат бойынша қатысушылар құрамын іріктеуді жалғастырды.
Осылайша, 2026 жылғы Сенат кубогы қатысушылар қатарын жаңа санаттармен толықтырып, ауқымын кеңейтіп келеді. Өңірлік додалар мұнымен тоқтап қалмайды, жуырда турнир еліміздің басқа да облыстарында жалғасын табады.