Спорт

Сүйінші! Қазақстандық мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы атанды

Бұл Қазақстан құрамасына 2018 жылдан бері берілген алғашқы қысқы Олимпиада медалі.

Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров ерлер арасындағы сайыста бірінші орынды жеңіп алып, Олимпиада чемпионы атанды, деп хабарлайды Arasha.kz сайтына сілтеме жасап Oimaqnews.kz.

Сайыс сенбіге қараған түні аяқталды. Қысқа бағдарлама бойынша бестік қатарда тұрған Шайдоров финалдық еркін бағдарламада керемет өнер көрсетті. Ол негізгі элементі – үштік аксель мен ойлер арқылы жалғасқан төрттік сальхов каскадын дәреже көрсетіп орындады. Сонымен қатар спортшы бес ультра-си деңгейіндегі қиын элементті сәтті жасады: төрттік лутц, төрттік флип, екі төрттік тулуп (соның бірі үштік тулуппен комбинацияда) және тағы бір үштік аксель. 

Еркін бағдарлама үшін Михаил 198,64 ұпай жинап, екі бағдарлама бойынша 291,58 ұпай көрсеткішімен жеке рекорд орнатты. Нәтижесінде қорытынды кестеде ол бірінші орынға көтерілді.

21 жастағы Шайдоровтың жеңісі — Қазақстан құрамасына 2018 жылдан бері берілген алғашқы қысқы Олимпиада медалі. Ол ел тарихында екінші Олимпиада чемпионы — бұған дейін 1994 жылғы ойындарда шаңғышы Владимир Смирнов алтын медальді жеңіп алған болатын.