Экономика

Отбасы банк исламдық ипотеканы іске қоспақ

Банк мәліметінше, елде исламдық қаржы құралдарына сұраныс жоғары

Отбасы банк Қазақстан құрылысшылар одағының өкілдері және ірі құрылыс компанияларымен жұмыс кездесуін өткізді. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – исламдық ипотеканы дамыту және оны тұрғын үйді қаржыландыру нарығында іске қосу үшін қажетті жағдайларды қалыптастыру, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Нарыққа сілтеме жасап.

Банк мәліметінше, елде исламдық қаржы құралдарына сұраныс жоғары. Бағалаулар бойынша, мұсылмандардың 55 пайызы балама болмағандықтан дәстүрлі банк өнімдерін пайдаланып келеді. Сонымен қатар 2 миллионнан астам ересек азамат, яғни халықтың шамамен 20 пайызы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж. Ал екінші деңгейлі банктердің қазіргі ипотекалық бағдарламаларында исламдық қаржыландыру тетіктері қарастырылмаған.

Отбасы банк азаматтардан исламдық ипотеканы іске қосу туралы ұсыныстар жиі түсетінін атап өтті. Нарық көшбасшысы ретінде банк мұндай өнімдерді енгізуді клиенттердің діни сенімдерін ескере отырып, тұрғын үй қаржыландыруына қолжетімділікті кеңейтудің бір бағыты деп санайды.

Халықаралық ынтымақтастық аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы – Отбасы банк Пәкістандағы ислам банкингі қағидаттарымен жұмыс істейтін ірі қаржы институттарының бірі – Meezan Bank Limited банкімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат «Бәйтерек» холдингі делегациясының Пәкістанға жасаған іскерлік сапары барысында рәсімделді. Бұл сапар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында өтті.

Серіктестік шеңберінде тараптар талдамалық және әдістемелік материалдармен алмасуды, шариғат қағидаттарына негізделген ипотекалық өнімдерді – мурабаха, иджара, мушарака мутанакиса тетіктерін бірлесіп әзірлеуді көздейді. Сондай-ақ тәуекелдерді басқару, комплаенс және шариғат талаптарының сақталуын бақылау мәселелері бойынша консультациялар жүргізіледі.

Банк исламдық ипотека құралдарын тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне бейімдеуге ерекше назар аударып отыр. Себебі мұндай өнімдер негізгі қарызға пайыз есептеуді қарастырмайды.

Қазіргі уақытта банкте исламдық қаржыландыруды енгізу бойынша жұмыс тобы құрылып, өнімдердің тұжырымдамасы әзірленген. Сараптамалық және талдамалық жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар салалық бірлестіктермен және нарық қатысушыларымен өзара іс-қимыл жүргізілуде.

Басты міндет – Отбасы банкке исламдық банк операцияларын жүргізуге мүмкіндік беретін «Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» заңға өзгерістер енгізу. Бұл Қазақстанда исламдық ипотеканы іске қосу үшін қажетті құқықтық негіз қалыптастыруға тиіс.

Бұған дейін Отбасы банк Малайзия компаниясының Қазақстандағы филиалы – CSQ Law Kazakhstan Branch ұйымымен меморандумға қол қойған. Ынтымақтастық аясында банк қызметкерлері исламдық қаржыландыру және шариғат талаптарына сәйкес қаржылық құқық бойынша оқудан өткен.

Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимоватің айтуынша, діни себептерге байланысты дәстүрлі ипотеканы пайдалана алмайтын азаматтардан өтініштер күн сайын түседі.

– Бұл отбасылардың баспаналы болып, қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізгісі келеді. Исламдық ипотека олар үшін қолжетімді шешім бола алады. Біз үшін бұл тек жаңа өнім емес, сонымен қатар қаржыландыруға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі. Заңнамалық бастамалар бойынша жұмысты бастап кеттік және жобаны кезең-кезеңімен ілгерілетуді жоспарлап отырмыз, – деді Ләззат Ибрагимова.