Әлем

ХАМАС жетекшісінің балалары мен немерелері өлтірілді

Палестинаның Газа секторындағы текетіресте израилдіктер Хамас тобы саяси бюросының жетекшісі Исмаил Ханияның үш ұлы мен үш немересін өлтірді. Бұл туралы Al Jazeera телеарнасы хабарлады.

Ақпараттарға  қарағанда Ханияның балалары мен немерелері отырған  көлікке әуеден соққы жасалған. Отбасы мүшелерінің  қаза тапқанын Исмаил Хания да растады.  Ал өзі  олардың  мерт болғаны жайлы хабарды Катардың Доха  қаласындағы газалықтарды емдеуге арналған госпиталде жүріп естіген. 

Al Jazeera арнасына пікір білдірген Хания балалары мен  ұрпағының мерт болғанынан орай: «Олардың шейіт болғанын мақтаныш етемін» депті. Әрі  соғыс барысында әулетінің 60 мүшесі қаза тапқанын айтқан.  Anadolu Agency ақпарат агенттігі соққыдан Ханияның  Хазым, Әмір және  Мұхаммед атты үш ұлы өлгенін жазды.

Жалпы 2023 жылдың 7 қазанында Хамастың Израилге шабуыл жасаған сәтінен бері Газа секторында 33 мыңнан астам  палестиналық өлді. Израиль соққы жасауын жалғастырып жатыр.