Руханият

Диас БЕРТІС, режиссер: Кейіпкер арқылы көрерменге мораль айту мақсат емес

Кинотеатр залын лық толтырып, көрерменнің назарына ерекше түскен «Приговор» фильмі жайында небір пікірлер айтылып жатыр. Актерлердің қарым-қабілеттері кино шынайылығын одан әрі арттыра түскендей. Билет алып жатқандардың ішінде жасы үлкені де, кішісі де бар. Сондықтан әркімнің түйгені әр түрлі. Ал кино режиссері Диас Бертістің көрерменге не айтқысы келгенін өзінен сұрап көрдік.

– Өмірде болған түрлі оқиғалар бар ғой. Дәл осы «Үкімді» таңдап алуыңыздың себебі неде? Қазіргі заманмен байланысы бар ма әлде?

– Фильм сценариін жазар алдында алдымен формасын таңдап алдық.  Кино соңында мұндай оқиға кез келген қалада, кез келген мемлекетте болуы мүмкін еді деген ой айтылады. Мен осындай ойды кішігірім провинцияның болсын, Қазақстан не болмаса Қырғызстанның да қоғамдық проблемасы деп санаймын. Өйткені әр жерде осындай заңсыздыққа салынып отырады. Кинода біз 2008-2009 жылдардағы Қырғызстанда болған оқиғаны жеткіздік. Негізі оқиға басқаша болды. Фильмнің өзі көркем шығарманың бірі болып саналғандықтан оқиғаның өрбуін кішкене өзгерттік. Мұндай оқиғалар әр елдің әділеттік жүйесінің нағыз көрсеткіші болады деп ойлаймын. Мұндай кино қазіргі қоғамға да керек. Себебі, ақиқат пен шындық заман уақытына  қарамай, адамның жан-дүниесіне керек нәрсе. Сондықтан фильм тақырыбы кез келген уақытта актуалды деген ойдамын.

– Актерлік құрамды қалай жинадыңыз? Оларды кейіпкер рөліне бейімдеу аса қиын болмады ма?

Актерлар осының алдында «Черный двор» сериалына түскен. Ол сериал да Қазақстанға, Қырғызстанға, Ресейге де шыққан болатын. ТМД елдерінде танымалдыққа ие болды. «Приговордағы» басты кейіпкер жігіттердің актерлік қабілеттерін, диапазондарын «Черный дворда» байқадым. Шынайы оқиға желісі 18 жастағы бозбалалардың кішкентай қаладағы РОВД-ны басып алуын баяндайды. Оны көрерменге жеткізген актерларды өз жасындағы таланатты актерлар деп санаймын. Сондықтан, үш басты кейіпкерлерді таңдауым осы жігіттерге түсті. Олар бұл рөлді алып шығатынына сендім. Актерлармен бұрында да бірге жұмыс істеген болатынбыз, сондықтан бұл фильмді түсіруде аса қатты қиындықтар кездескен жоқ. Жігіттер дайындықты жарты жыл бұрын бастады. Себебі сценарий жазу барысында басты кейіпкерлердің персонаждары жайында айтылды. Физикалық тұрғыда спортпен айналысып, актерлердің екеуі 10 келіге дейін артық салмақ жинады. Өйткені бұл сотты басып алуға бағытталған әрекеттердің арасында бір-бірімен төбелесетін кадрлары да болды.

– Бұл киноны түсірудегі мақсатыңызды, көрерменге қандай ой тастағыңыз келгенін айтып беріңізші.

– Бұл жерде ең басты қозғалатын тақырыптардың бірі– әділетсіздік. Бұл сұраққа біз фильм арқылы жауап бермейміз, әрі жауап беру мақсат та болған жоқ. Біз тек бұл сұрақты көрерменге қоямыз. Бозбалалардың да әділет турасында өздерінің түсінігі бар. Дегенмен, кино арқылы кейіпкерлердің істеп отырғанын дұрыс емес деп есептейміз. Қоғамға кері әсерін тигізетін істерге алып келетін не нәрсе, не себеп екенін түсіндіргіміз келді. Яғни, жүйенің кішкентай адамды жұтып қоюы. Мысалы, басты кейіпкер Ақтан – болашағы жарқын, өмірге қойған мақсаттары бар жігіт еді, оның сағын сындырып жіберген қоғамдағы әділетсіздік. Не дегенмен кейіпкердің жасап отырғанын, дүниесін, істерін біз дұрыс емес деп деп көрсетеміз.

Жеткізер екінші ойымыздың бірі – мейірімділік. Адам мен жүйе деген тақырып бар, адам мен адам деген тақырып бар. Оның ішінде  ең бірінші адам адамға мейірімді болуы керек, кешірімді болуы керек деген ойды алға тартамыз. Өшпенділік тек өшпенділікке алып келеді. Егер байқасаңыздар, фильмдегі барлық кейіпкерлерде ішкі агрессия бар. Сондай агрессияның себептерінен қоғамда келеңсіз оқиға болды.

Ал үшінші айтар ойымыз – әділеттілік орнауы. Бұл қазіргі заманғы қоғамда, елде болып жатқан дүниелерге байланысты өте актуалды тақырып.

– Оқиға Қырғызстанда болған еді. Ал кино локациясы туралы айтсаңыз.

Иә, оқиға Қырғызстанның Тоқмақ қаласында болған. Бірақ бұл іс жайлы еш жерден ақпарат таба алмайсыздар. Таба алмаудың да себептері бар. Енді түсірілім локациясы туралы айтсақ, кино Ыстықкөл жағасындағы Балықчы деген қалада және Бішкекте түсірілді. Тағы бір кейіпкерлердің бірі Ыстықкөл деп есептеймін. Себебі, бұл бір магиясы бар жер.

– Бұл – психологиялық жағынан ауыр киноның бірі. Жастар бұдан өзіне не алады деп ойлайсыз?

Кино психологиялық жағынан ауыр болғанымен, тәрбиелік жөні бар. Бірақ оқиға, кейіпкердің әрекеті арқылы көрерменге моральдық тұрғыда сабақ бермейміз. Киноның мақсаты – тек сұрақ қойып, жас балалардың эмоцияға беріліп, өшпенділікке салынуының қандай салдары болатынын көрсету. Әр көрермен өзіне әртүрлі ойын алып, бір қорытындыға келді деп ойлаймын. Кино өнері де бала сияқты, баланы әлем алдына жібергенде қалай жол табатыны өзіне байланысты. Сол сияқты біз де фильмді көрерменге жібердік, одан қандай ой түйетіні – көрерменнің өз еншісінде. Ал біздің айтқымыз келгені – эмоциялық тұрғыдан адамның өзгеруі түрлі психологиялық ауруларға алып келеді. Осы тұста менің алдымда бозбалалардың психологиясын зерттеу мақсаты тұрды. «Черный дворда» басталған осындай зерттеуімді «Приговор» киносы арқылы жалғастырдым.

Дереккөз: orda.kz

– Кино өзін ақтай алды ма?

Кино көрерменнің көңілінен шығып жатыр. Қазақстан, Қырғызстан халықтарының арасында сүйіспеншілікке ие болды. Бұл менің киноиндустриядағы ең алғашқы еңбегім болғандықтан кино да өз мақсатына жетті деген ойдамын. Кассалық тұрғыдан  фильм өз өзін ақтады. Алдағы уақытта Ресейде де прокатқа шығамыз. 20 сәуірде Мәскеу кинофестивалінде көрсетіледі. Бұл біз үшін өте жақсы көрсеткіш.