Тұрғын үй жинақ жүйесіне енді коммерциялық банктер де қатыса алады
- авторОймақ
- Бүгін, 11:06
- 24
Бұған дейін тек Отбасы банк арқылы ғана қолжетімді болған тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесіне (ТҮҚЖ) енді екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) де қатыса алады. Алайда бұл жаңашылдық мемлекеттік сыйақы мәселесінде шектеулерді сақтап қалды.
Қазақстанда тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесінің ауқымы кеңейтілді. Енді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі түсіндіргендей, екінші деңгейлі банктер арнайы лицензия алмай-ақ ТҮҚЖ жүйесіне қосыла алады: арнайы салымдар ашу, шоттар жүргізу және тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған қарыздар беру құқығына ие болады. Тиісті заңға Мемлекет басшысы 2026 жылғы 16 қаңтарда қол қойған. Заң 19 наурызда күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мәліметінше, енді мамандандырылған банктермен қатар коммерциялық банктер де азаматтарға тұрғын үйге мақсатты түрде жинақтауға көмектесе алады. Бұл банктер салым қабылдап, арнайы шоттар ашып, тұрғын үй, алдын ала және аралық қарыздар бере алады. Жүйенің өзегі — қаражатты мақсатты жинақтап, кейін оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану.
Басты айырмашылық: мемлекеттік сыйақы
Дегенмен, маңызды қаржылық айырмашылық сақталып отыр. Ұлттық банк нақтылағандай, мемлекеттік сыйақы тек тұрғын үй-құрылыс жинақ банктеріндегі салымдарға ғана қолданылады. Яғни ЕДБ-де ашылған арнайы салымдарға мемлекеттен жыл сайынғы бонус төленбейді. Бұл талапты ҚНРДА да растады.
Анықтама үшін: Отбасы банктегі мемлекеттік сыйақы жылына салынған жинақтың 20 пайызына тең, бірақ 200 АЕК-тен аспайды. 2026 жылы бұл шек 865 мың теңге болса, ең жоғары сыйақы 173 мың теңгені құрайды.
Бұған дейін, 23 қаңтарда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтаған болатын. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов тұрғын үй сатып алуда сақ болуға шақырып, инфляция төмендеген жағдайда ақша-несие саясаты жұмсарып, ипотекалық мөлшерлемелер де біртіндеп төмендеуі мүмкін екенін айтқан еді.
Жаңа ережелер тұрғын үй жинақ нарығында бәсекені арттыруы ықтимал. Алайда мемлекеттік сыйақының тек Отбасы банкке тиесілі болып қалуы азаматтардың қай банк арқылы жинақтайтынын таңдауда шешуші фактор болуы мүмкін.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






