сәрсенбі, 11 ақпан, 2026 11:35

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Саясат Нұрбек ғылым жолында жүрген әйелдерді ерекше құттықтады

Саясат Нұрбек ғылым жолында жүрген әйелдерді ерекше құттықтады
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек парақшасынан
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желідегі парақшасына жылы жазба жариялады, деп хабарлайды oimaqnews.kz.

Қазақ тарихында ғылымға құштар қаншама қайсар, мықты әйелдердің есімі жызылған! Мысалы, Аққағаз Досжанова – қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі. Нәзипа Құлжанова – ағартушылықтың шамын жаққан тұлға. Гүлсім Асфендиярова – медицина ғылымының дамуына үлес қосқан қайраткер. Осындай есімдерді еске алғанда, бұл жол әрқашан білімге адалдық пен үлкен жүректі талап ететінін ойлайсың.

Ал бүгінгі қазақ әйелдері, қыздары сол дәстүрді лайықты жалғастырып келеді. Олар ғылымда да, зертханада да, аудиторияда да нәтижеге жұмыс істейді. Бұл - ерекше құрметке лайық.

Мені әрдайым әйелдердің әрбір бөлшекке ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарайтыны, ұсақ-түйекке терең үңіле отырып, тұтас картинаны көре білетіні таңғалдырады. Бір мезетте бірнеше міндетті ойда ұстап, нақты шешім табу - нағыз ғылыми ойлаудың белгісі.

Бүгін Қазақстан әйелдер мен қыздардың ғылымдағы күнін атап өтуде.

Қазіргі күні елімізде 120 896 адам жоғары оқу орнынан кейінгі білімге ие болса, соның 62 433-і немесе 51,6% - әйелдер. Ғылыми зерттеулермен 12 893 әйел айналысады, бұл ғылыми қызметкерлердің шамамен 56%-ын құрайды. Университеттерде білім сапасын айқындайтын профессорлық-оқытушылық құрамның 65,7%-ы тағы әйелдер.

Әйелдер ғылымның барлық бағыты бойынша өте белсенді екенін атап өту керек. Жаратылыстану саласында 3 625 зерттеуші, инженерия мен технологияларда - 2 625, гуманитарлық бағытта - 2 471 әйел еңбек етеді. Жалпы гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдарда зерттеушілердің шамамен үштен екісі - әйелдер.

Ғылыми біліктілік деңгейі де ерекше назар аудартады. Ғылым кандидаты дәрежесіне ие мамандардың шамамен 60%-ы, магистрлер мен бейіндік докторлардың 58%-ы, PhD дәрежесін алғандардың жартысынан астамы — әйелдер. Медициналық және гуманитарлық ғылымдарда әйел кандидаттардың үлесі 72%-ға жетеді. Бұл - елдің қуатты зияткерлік әлеуеті.

Құрметті ғалым әйелдер, зерттеушілер, жас ғалымдар, ғылымға қадам басқалы отырған болашақ мамандар! Сіздерді Халықаралық ғылымдағы әйелдер мен қыздар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн - сіздердің еңбектеріңізді, таланттарыңызды және болашақты қалыптастырудағы рөлдеріңізді мойындаудың белгісі.

Сіздер зертханаларға жетекшілік етесіздер, ғылыми мектептер қалыптастырасыздар, гранттар ұтып алып, жаңа технологияларды енгізесіздер, келесі буын зерттеушілерін тәрбиелейсіздер. Сіздердің табыстарыңыздың арқасында мыңдаған қыздар үлкен мақсаттарға сенеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі сіздердің әлеуеттеріңіз толық ашылуы үшін жағдай жасай береді. Кәсібиліктеріңізге, табандылықтарыңызға және таңдаған жолға адалдықтарыңызға алғыс айтамын. Сіздерге шабыт, күш-жігер және амандық тілеймін. Әр идеяңыз нақты нәтижеге айналсын.

Құрметпен,

Саясат Нұрбек

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар