Атыраудағы балта оқиғасы: күдікті оқушының анасы мәлімдеме жасады
Сыныптастары тарапынан қысым болғанын айтады.
Атырау облысы Құлсары қаласындағы №6 мектепте болған қанды оқиғадан кейін қоғам екіге жарылды. Оқушылар мен мұғалімдер қауіпсіздік үшін алаңдаса, күдікті оқушының анасы Мәншүк Жиенбетова бұл жағдайға ұлының «балалықпен жасаған әрекеті» және сыныптастары тарапынан көрсетілген қысым себеп болғанын айтады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
«Буллинг болды» – анасының уәжі
Күдіктінің анасының айтуынша, 10-сынып оқушысы бір жылдан бері қатарластарының мазағына ұшырап келген. Оқиға болатын күні де бір топ бала оны «дәретханаға жүр» деп шеттетпек болған көрінеді.
«Екі жақты қарау керек. Буллинг болып тұр. Бұл балалар бір жылдан бері тиісіп жүрген көрінеді. Бала өзі төрт балаға әлі келмейтіндіктен, осындай балалықпен жұмыс жасайды. Ешқандай ата-ана мектепке балтамен бар деп айтпайды. Ол менің жалғыз түйір балам», — дейді Мәншүк Жиенбетова.
Анасының сөзіне сенсек, ұлы балтаны үйден арнайы дайындап әкелмеген, оны даладан тауып алған.
Мектеп ұжымы мен ата-аналар наразы
Алайда мектептегі өзге ата-аналар бұл уәжбен келіспейді. Олардың айтуынша, «балтамен қаруланған» оқушының сабаққа қайта қосылуы – үлкен қауіп.
“Пышақ дейтін былай қалды, балтамен шабамыз. Бұрын көрінбейтін қару — пышақты ұстайтын еді. Енді нән балтаны апарып тұр. Түсінігі дұрыс емес болып тұр ғой. Бұл жерде әр жастағы бала оқиды. Қазір жазатайым кетіп бара жатып, бір балаға тиіп кетеді. Болғаннан кейін не керек?! Ол бала бір жағынан «бізге бұзақылық жасай беруге болады, ертең директорды ауыстырып жібереді» деп ойлайды. Бұнымен проблема шешілмейді”, – дейді ата-ана Елена Сарбалина.
Ұстаздар қауымы оқушының бұған дейін де есепте тұрғанын, анасына бірнеше рет ескерту жасалғанын айтады. Ата-аналар мен ұстаздар жанайқаймыз Оқу-ағарту министрлігіне жетсе екен дейді.
Директордың тағдыры және құзырлы органдардың шешімі
Оқиғадан кейін мектеп директоры қызметінен босатылған еді. Бірақ ұжым «басшының кінәсі жоқ» деп, оны орнына қайтаруды талап етіп отыр.
Ал заң жүзінде мәселе әлі күрделі:
Сот: Оқушыны үйқамаққа жіберу туралы шешім шығарған.
Прокуратура: Бұл шешіммен келіспей, облыстық сотқа шағым түсірді. Олар күдіктіні күзетпен ұстауды талап етуде.
Тергеу: Полиция мен прокуратура қылмыс құралы (балта) бойынша әлі де нақты деректерді тексеріп жатыр.
5 ақпанда Құлсарыдағы №6 мектептің 10-сынып оқушысы мектепке балтамен келіп, екі баланы жарақаттаған. Қазір бұзақылық фактісі бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.