Бибісара Асаубаева 25 млн теңге сыйақы алды
Шахматтан үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Қазақстанға жаңа атақпен оралып, қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық порталы.
Қазақстан Шахмат федерациясындағы салтанатты қабылдауда атқарушы директор Гүлмира Дәулетова 21 жастағы спортшыға федерация президенті Тимур Турловтың атынан сыйлық берді. Спортшыға әлем чемпионатындағы жеңісі үшін 25 млн теңге арнайы сыйлық табыс етілді.
«Бүгін біз үшін үлкен мереке. Үш дүркін Әлем чемпионын марапаттап жатырмыз», – деп түсіндірді Дәулетова.
Сонымен қатар Бибісара Tatler Kazakhstan журналының нұсқасы бойынша Жылдың үздік спортшысы атанды және оған тиісті сыйлық табысталды.
Бибісара Асаубаева үшінші рет блиц бойынша Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Ол осы санаттағы алғашқы екі атағын 2021 және 2022 жылдары алған еді. 2021 жылы Бибісара рапидте әлемнің вице-чемпионы болды.