Қоғам

Динара Сәтжан Астанадағы жаңа элиталы үйін алғаш рет көрсетті

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан жұбайы, кәсіпкер Жұмабек Жанықұловпен бірге жаңа қонысына алғаш рет көпшілік назарын аудартты. Ерлі-зайыпты өз үйлерінің ішкі көрінісін Бейбіт Әлібековтің «По домам» жобасына арнайы көрсеткен.

Жаңа үй елордадағы Қараөткел коттедж қалашығында орналасқан. Бұрын «депутаттар қалашығы» аталған бұл аумақты тележүргізуші көп жылдан бері ұнатып жүргенін жасырмады. Бастапқыда үй екі иеге арналып салынған. Алайда жаңа қожайындар ғимаратты толықтай бұзып, қаңқасынан қайта көтеріп, қосымша үлкен зал салған. Отбасы бұл үйге 2025 жылдың 20 қыркүйегінде – Динара Сәтжанның туған күні қарсаңында көшіп кірген. Үйдің жалпы аумағы 500 шаршы метрден асады. Интерьер классикалық стильде жасалып, қазақы ұлттық өрнек пен этникалық элементтермен үйлестірілген. Үйдің әр бөлмесінде отандық шеберлер жасаған жиһаз бен декор бұйымдары қолданылған.

Тележүргізушінің айтуынша, үй соңғы технологиялармен жабдықталған. Барлық терезе брондалған, жылы еден жүйесі, желдету мен кондиционерлеу орнатылған. Үйді «ақылды жүйе» басқарады, карниздерге дейін дауыспен басқаруға мүмкіндік бар. Бұл үйде Динара мен Жұмабекпен бірге тележүргізушінің балалары – Даниал мен Диана, сондай-ақ екі жақтың аналары тұрады. Динара Сәтжан мұндай үлкен отбасымен бірге өмір сүруді тәрбиенің нәтижесі деп атап өтті. Ал жұбайының бұрынғы некеден туған балалары Алматы қаласында тұрады. Қонақтарды кең холл мен баспалдақ қарсы алады. Кіреберісте аяқ киімге арналған үлкен гардероб бөлме бар. Үйде барлығы төрт санитарлық торап қарастырылған. Үйдің басты ерекшелігінің бірі – «қазақ бөлмесі». Бұл – ұлттық стильде жасалған, толық әйнектелген жабық терраса. Бастапқыда оны Бали стилінде безендіру жоспарланғанымен, кейін қазақы концепцияға тоқтаған. Аталған бөлмеде төмен үстел мен көрпелерден бөлек, өткен ғасырдың 30-жылдарында жасалған киіз үйдің есігі интерьерлік элемент ретінде қойылған. Қонақ қабылдайтын үлкен залдың аумағы 130 шаршы метр, төбесінің биіктігі – жеті метр. Мұнда түрлі өнер туындылары мен көлемді композициялар орналастырылған. Солардың бірі – айнала қозғалып тұратын адам бейнелері бар қабырға панносы. Оның салмағы небәрі емес, 140 келіге жететіндіктен, арнайы металл қаңқа орнатылған.
Залдағы тағы бір композиция Меккедегі Қағбаның кілтінің көшірмесімен толықтырылған. Ал төменгі бөлігінде мамонт азуынан жасалған бас сүйектер шеңбер түрінде қойылған. Авторлық композиция әлемнің жаратылысы мен өзге дүниені бейнелейді. Динараның анасының бөлмесінде 1961 жылы тоқылған, Әзербайжаннан әкелінген кілем ілінген. Бөлменің акцент қабырғасы италиялық Missoni бренді шығарған тұсқағазбен қапталған. Балалардың бөлмелері де жеке көрсетілді. Диананың бөлмесіндегі ерекшелік – кең санитарлық торап пен жеке косметикалық үстел. Ал Даниалдың бөлмесі барынша қарапайым. Себебі ол жуырда жеке пәтерге көшуді жоспарлап отыр. 
Ерлі-зайыптының негізгі жатын бөлмесі қабырғасыз, есіксіз гардероб бөлмесімен тікелей жалғасқан. Бұл шешімді Динара Сәтжан күн тәртібі тығыз адамдар үшін өте ыңғайлы деп түсіндірді. Гардероб бөлмесі ауаны озондау жүйесімен жабдықталған. Ал жатын бөлмеден тікелей ашық террасаға шығуға болады. Жаз айларында бұл жерде демалыс аймағын жасау жоспарланған.
Room-tour асүймен аяқталды. Үй иесінің айтуынша, бұл асүй тек көрініс үшін емес, нақты тамақ әзірлеуге арналған. Қонақтарға қызмет көрсететін аспаз жұмыс істейді. Асүйде үлкен дастарқанға арналған ыдыс-аяқ пен асүй жабдықтарының толық жинағы бар.