Қоғам

Алматы облысының тұрғыны жалған «қалыңдық ұрлау» видеосы үшін айыппұл төледі

Алматы облысының тұрғыны TikTok желісінде жалған қалыңдық ұрлау көрінісін түсіріп, таратқаны үшін 60,5 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады.

Видео TikTok платформасында 15 қаңтар күні жарияланып, қысқа уақытта кеңінен тараған. Көпшілік роликтегі жағдайды шынайы қылмыс деп қабылдаған. Алайда сотта аталған көріністің тек қаралым жинау мақсатында алдын ала инсценировка ретінде түсірілгені анықталды.

Сот отырысында әйел өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген. Сот қылмыстық құқықбұзушылық құрамы жоқ деген қорытындыға келді, алайда әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар деп таныды.

Бастапқыда айыппұл көлемі 20 айлық есептік көрсеткішті (86 500 теңге) құраған. Жеңілдететін мән-жайлар ескеріліп, бұл сома 30 пайызға қысқартылып, нәтижесінде 60 550 теңге болып белгіленді.