дүйсенбі, 9 ақпан, 2026 13:43

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Микрокредит пайызын 5 есе асыра белгілеген: «Актив Ломбард» желісінің иесінің мүлкі тәркіленді

Микрокредит пайызын 5 есе асыра белгілеген: «Актив Ломбард» желісінің иесінің мүлкі тәркіленді
Видео скрин
«Актив Ломбард» желісінің иесі Койнов С. С.-ке қатысты қаржылық мониторинг агенттігі тергеуді аяқтады. Ол жеке тұлғаларға микрокредиттерді комиссиялық қызмет ретінде жасырып беру схемасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегінде комиссиялық дүкендер ретінде бүркемеленген ірі ломбардтар желісі арқылы заңсыз микронесиелеу схемасы әшкереленген. Қызметіне заңды сипат беру үшін Койнов өзіне бағынысты «Актив Ломбард» ЖШС-ін, сондай-ақ сенімді адамдардың атына тіркелген «One Billion Sales», «The Best Seller» және «Shark in Sales» ЖШС-терін пайдаланған. Аталған компаниялардың барлығы «Актив Маркет» бірыңғай брендімен жұмыс істеген.

АФМ дерегінше, бұл ұйымдар іс жүзінде мүлікті кепілге алып, жоғары пайызбен микрокредит берген. Комиссиялық бөлімшелер «Актив Ломбард» филиалдарымен бір ғимаратта орналасып, клиенттерге бірдей қызметкерлер қызмет көрсеткен.

Тергеу барысында клиенттермен жасалған комиссиялық шарттардың формалды әрі жалған сипатта болғаны анықталды. Күндік сыйақы мөлшерлемесі 1,73–2,07 пайызды құраған, бұл заңда белгіленген шектен (0,3 пайыз) шамамен бес есе жоғары. Нәтижесінде азаматтардың құқықтары өрескел бұзылған.

Жалпы саны 1,9 миллионнан астам шарт жасалып, қылмыстық жолмен алынған табыс 19 миллиард теңгеден асқан. Тергеу нұсқасына сәйкес, Койнов С. С. бұл кірістердің шығу көзін жасыру үшін көпдеңгейлі заңдастыру схемасын іске асырған. Ақша қаражаты аффилирленген компаниялармен жасалған жалған шарттар арқылы және банктік шоттар арасында бірнеше рет айналдырылып, кейін 5 миллиард теңгеден астам сома дивиденд ретінде шығарылған.

Сонымен қатар Койнов «Zeus Co» ЖШС-ін тіркеп, бағдарламалық қамтамасыз ету саласында қызмет көрсеткендей көрсеткен. Осы компания арқылы 2,5 миллиард теңге түскен, оның 2,2 миллиарды дивиденд түрінде Койновтың өзіне аударылған.

Сот санкциясымен мүлікті тәркілеу мақсатында жалпы құны 8,9 миллиард теңге болатын активтерге тыйым салынды. Олардың қатарында елордадағы 4 пәтер мен 2 тұрғын үй, БАӘ-дегі 4 пәтер, Lexus LX 600, Rolls Royce Cullinan, Mercedes-Benz G63, Bentley Bentayga V8, Land Rover Range Rover Sport көліктері, сондай-ақ депозиттердегі 2,7 миллиард теңге бар.

Қазіргі уақытта Койнов С. С. қамауға алынды. Оның төрт сыбайласына елден шықпау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. АФМ Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.

Еске салайық, 2025 жылдың ақпанында Қаржылық мониторинг агенттігі «Актив» желісіндегі ломбардтар мен микроқаржы ұйымдарының қызметінен зардап шеккен азаматтарды ведомствоға жүгінуге шақырған болатын. Ал 2025 жылғы 18 қыркүйекте Ақтөбеде «Актив» ломбардтар желісінің иесі ұсталған. Ведомство дерегінше, ұйымның Қазақстанның әртүрлі қалаларында шамамен 200 филиалы болған.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар