Қоғам

Назарбаева ауруханадан шықты

84 жастағы Сара Назарбаева Ұлттық госпитальда шамамен он айға жуық уақыт ем қабылдаған.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Назарбаева биыл қаңтар айында Алматы қаласындағы Президент іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталынан амбулаторлық ем қабылдау үшін шығарылған. Бұл ақпаратты медициналық мекеме informburo.kz редакциясы жолдаған ресми сауалға берген жауабында растады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Медорталық әкімшілігінің хабарлауынша, пациент стационарда тиісті ем қабылдап, дәрігерлердің шешімімен қаңтар айында үй жағдайында емін жалғастыруға жіберілген. Денсаулығына қатысты басқа деректер дәрігерлік құпия болып саналады.

Бұған дейін тұңғыш президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның 2025 жылдың сәуір айында аталған медициналық мекемеге жатқызылғанын хабарлаған болатын. Сол уақытта оның жағдайына қатысты бейресми дереккөздер мен ақпарат құралдарында түрлі, бір-біріне қайшы мәліметтер тараған. Алайда клиника диагноз бен нақты жағдайға қатысты ақпарат бермеген.

Осылайша, 84 жастағы Сара Назарбаева Ұлттық госпитальда шамамен он айға жуық уақыт ем қабылдаған.