"...Ол бір судың мол кезі еді ғой. Бөрібай арнасының жоғары жағындағы жойқын апат аяғымыздан тік тұрғызған. Қар еріп, сай-саланы су қаптап, арна тасыған тұста сел бөгенді жырып, төмен қарай лап қойған. Қызылорданы сел алып, Орталық Азия күре тамыры – теміржол бойын ойран-асырын шығару қаупі төніп тұрған-ды. Оған қарсы мол техника, қыруар адам күші жұмылдырылды. Ташкент пен Алматыдан гидротехниктер келіп, әскери бөлімшелер іске араласты. Аз күнгі, бірақ ауыртпалығы оңайға түспеген бұл жұмыстың бар тізгінін өз қолыма алуыма тура келді.
Әрбір минут қымбат еді. Жауынгерлер мен теміржолшылар бөгеннің "тығыны ашылған" жерді бітей алмай, салымыз суға кетіп түрған кезде маңдайын әжім торлап, еңкіш тартқан қарт құдай айдап келе қалмасы бар ма. Бізге күн сала қарап тұрып:
– Босқа арам тер болмаңдар, – деді. – Жырынды су оңайлықпен әл бермейді. Оны "қарабураламай" ауыздықтау қиын. Тосын сөз еріксіз елең еткізген.
– "Қарабураңыз" қалай, түсінбедік, қария, – деп жөн сұрадым. Шал асықпай, аптықпай мән-жайды түсіндіре бастады.
– Ұзындығы 15-20 құлаш келетін жуан арқанның үш-төртеуін қатар жазып, жерге тастаңдар да қамыс, сабан төсеп, үстіне шым салыңдар. Сосын киіз шиыршықтағандай тас қып орап арқанмен шандып байландар да, бөгеннің кеткен жеріне қойындар. Онымен қазақ асау дарияны да тоқтатқан.
– Апыр-ай, – дедім әрі қайран қалып, әрі бұны қалай бастарымды білмей.
– Қарағым, мен білсем, осы жердің бастығы сен боларсың, – деді бір қайрат танытқалы оқталып. – Қасыма бес-он сарбазыңды қос, бәрін өзім істеп берем.
Ақсақал айтқанын айнақатесіз жүзеге асырды. Тоған жасалып, алып қашып жатқан сел сап тыйылды. Қарттың айтуынша, бөген жасап, асау өзенді "бұғалықтаудың" осынау халықтық әдісі бағзы заманнан – Ақсақ Темір билеп-төстеп тұрған тұстан қолданады-мыс. Неше күн, неше түн не ұйқы, не күлкі көрмей, жер қайысқан күшпен тоқтата алмаған апатты өзіміз тындырғандай Алматыны былай қойып, сонау Мәскеуде жатқан Маленковқа баяндадық. "Бәрекелді!" дегенді біз естідік. Бірақ мен осы бір оқиға есіме оралган сайын халық даналығынан асқан ұлылық, халық жинақтаған өмірлік тәжірибеден асқан құдірет жоқ деген тоқтамға иек артамын да тұрамын..."
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.