Күні кеше ел Президентінің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.
Осыған қатысты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желіде өз пікірін білдірді, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өткен жұмысты қорытындылап, алдағы уақытқа әлеуметтік-экономикалық міндеттерді айқындады. Ең бастысы, ел дамуындағы экономикалық өсім азаматтардың өмір сапасының жақсаруына және нақты табысының артуына тікелей әсер етуі қажет. Бұл міндетті жүзеге асыруда мемлекеттік аппарат батыл әрекет етуі абзал. Осыған байланысты жаңа тағайындалған Министрлер Кабинетіне бюджет және салық міндеттемелерінің тиімділігін арттыру жүктелді.
Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін әзірлеуге, сосын агроөнеркәсіпті дамыту және су ресурстарын үнемдеуге де басымдықпен мән берді. Алдағы үш жыл ішінде ауыл шаруашылығына көп қаражат қарастырылады, сәйкесінше агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесі 70 пайызға артуы басты міндет. Аграрлық сала үшін су – ең басты ресурс. Суды үнемдеу технологиясын енгізу және суды көп қажет ететін дақылдарды азайту бағытында жүйелі жұмысты жүзеге асыру қажет.
Президентіміз инфрақұрылымды дамыту саласында шұғыл шаралар қабылдауды басымдықпен айтты. Бұл үшін Үкіметтің алдында, жылу орталықтарын күрделі жөндеуден өткізу және қосымша қуат көзін табу, оны жүзеге асыру міндеті тұр. Елімізде республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуді тезірек аяқтауды қолға алу және теміржол саласында қызмет сапасынан бастап қордаланған барлық проблемаларды шешу қажет. Бұл еліміздің Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналуына мүмкіндік береді.
Ең негізгі, Әлеуметтік саланы одан әрі жетілдіруге, әрі реформалауға ерекше тоқталды. Қазіргі таңда республикалық бюджеттің 50 пайызынан көбі әлеуметтік салаға қарастырылған. Сондықтан мемлекет қаражатының тиімділігі әрдайым ерекше бақылауда болуы қажет. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысы, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігімен бірге сапасын арттыруға байланысты нақты міндеттер айтылды.
Президентіміз Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реформалауға байланысты заңдар қабылдау қажеттігін айтты. Мәжіліс депутаттары ретінде бірнеше Заң жобасына тиісті нормаларды эксперттік қоғамдастықпен талқылап, әзірлеуге кірісіп кеттік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құрудың негізі болар әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырудың басымдықтарын айқындады.
Сонымен қатар Мәжілістің Пленарлық отырысында Президентіміз Мәжілістің VIII шақырылым депутаттық корпусының жұмысына жоғары бағасын берді. Біз үшін бұл – үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта да осы сенімді ақтау ел игілігі жолындағы жұмысымызды сапалы әрі уақытылы атқаруға еңбектенетін боламыз, – деді депутат.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.